Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Шымкент қаласының шығармашылық әлеуетін танытатын креативті жәрмеңке ұйымдастырылды. Creative Aimaq жобасы аясында өткен іс-шараға қолөнер шеберлері, дизайнерлер, өнер өкілдері мен заманауи технологиялық шешімдерді әзірлеушілер қатысты. 24–25 қазан күндеріне жоспарланған жәрмеңке оңтүстік өңірдің мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға, ұлттық өнерді дәріптеуге және жергілікті шығармашылық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталды.
Жәрмеңкенің ашылу салтанатында «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетіп, көрермендерге ұлттық әуендерге негізделген концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік шараның мәдени мазмұнын Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымы толықтырды. Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған туынды қазақ музыкасы мен сахна өнерінің сабақтастығын танытты.
Көрме алаңында шымкенттік шеберлердің қолынан шыққан ұлттық киімдер, авторлық әшекейлер, кілемдер және киіз, қыш, былғары мен ағаштан жасалған бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Әр туындыдан дәстүрлі нақыш пен шеберлік үлгісін көруге болады. Келушілер бұйымдардың жасалу ерекшеліктерімен танысып, қолөнершілермен тікелей пікір алмасуға және өздеріне ұнаған өнімдерді сатып алуға мүмкіндік алды.
Ұлттық қолөнер – халқымыздың тарихын, дүниетанымын және эстетикалық талғамын бейнелейтін мәдени мұра. Оны заманауи ортада таныстыру дәстүрлі өнерге деген қызығушылықты арттырып, кейінгі ұрпақтың ұлттық құндылықтарды тереңірек тануына жол ашады. Жәрмеңке аясындағы шеберлік сабақтары да осы мақсатты көздеді. Қатысушылар киіз басу, құрақ құрау және ұлттық әшекей бұйымдарын жасау тәсілдерімен танысып, қолөнердің қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгере алды.
Шымкенттің шығармашылық әлеуеті дәстүрлі өнермен ғана шектелмейді. Жәрмеңкеде алақан арқылы төлем жасауға арналған Alaqan жүйесі, қолжазбаны жасанды интеллект көмегімен танитын Qalam AI ақылды қаламы және мал шаруашылығына арналған QazTracker цифрлық шешімі таныстырылды. Сонымен қатар «САҚ» киностудиясы өз туындыларын ұсынды. Бұл жобалар өңірдегі шығармашылық пен технологияның қатар дамып келе жатқанын көрсетті.
Республика күніне арналған бағдарламада қазақ анимациясына, театрға, музыкаға және дәстүрлі өнерге басымдық берілді. Көрермендерге «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» мультсериалдары мен «Ахмет» анимациялық фильмі ұсынылды. Сондай-ақ театр қойылымы мен «Қаратау» ансамблінің концерттік бағдарламасы көрермендермен қайта қауышты.
Creative Aimaq жобасының негізгі мақсаты – өңірлік брендтерді таныту, креативті кәсіпкерлерді қолдау және олардың өнімдерін жаңа аудиторияға ұсынуына жағдай жасау. Мұндай бастамалар жергілікті шеберлердің еңбегін бағалауға, ұлттық өнердің танымалдығын арттыруға және мәдени мұраны заманауи мүмкіндіктер арқылы насихаттауға ықпал етеді. Шымкенттің елордадағы жәрмеңкесі дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырып, отандық шығармашылықтың әлеуетін көрсетті.