Бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Сайлау науқанына ел азаматтарымен бірге мемлекеттік қызметшілер мен қоғам өкілдері де қатысуда.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Министр сайлаудың алғашқы сағаттарынан-ақ азаматтардың белсенділігі байқалғанын айтты. Оның пікірінше, тұрғындардың дауыс беруге жауапкершілікпен қатысуы елдің болашағын айқындаудағы азаматтық ұстанымның маңызды көрсеткіші.
Аида Балаева еліміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтаудың маңыздылығына да тоқталды. Ол қазақстандықтардың ортақ құндылықтар мен ел болашағына қатысты басымдықтарды жақсы түсінетінін атап өтті.
Сайлау күні бұған дейін Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Карин де дауыс берді. Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде өз таңдауын жасады.
Айта кетейік, Құрылтай сайлауында жеті саяси партиядан 545 кандидат 145 депутаттық мандат үшін бақ сынап жатыр. Яғни бір мандатқа орта есеппен төрт кандидаттан келеді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru