2025 жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер өседі
2025 жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер өседі
10.01.2025 10:36
6
0

2025 жылдың қаңтарынан бастап елімізде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер мөлшері артады. Мысалы, ең төменгі зейнетақы 57 853 теңгеден 62 771 теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ, баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші балаға 149 416 теңге, ал төртінші балаға 247 716 теңгеге дейін артады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Ермаханұлы мәлімдеді.

2024 жылы атқарылған әлеуметтік жұмыстар

Өткен жылы Шымкент қаласында 237 695 азамат зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алған. 2024 жылы жаңадан 85 492 төлем тағайындалып, қайта қаралған төлемдер саны 78 342-ге жеткен.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша 67 253 мемлекеттік қызмет көрсетілген, алайда 2962 өтініш қателіктерге байланысты кері қайтарылған. Сонымен қатар, 76 өтініш бойынша қосымша тексеріс жүргізу қажеттігі туындаған.

Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары

Қалада 41 496 мүгедектігі бар азамат тіркелген, бұл халықтың 3,3%-ын құрайды. 2024 жылы 16 325 адам медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтті, оның ішінде 3 259 азамат алғаш рет мүгедек деп танылған.

Мүгедектіктің негізгі себептері:

  • Жүрек-қан тамырлары аурулары
  • Психикалық сырқаттар
  • Жарақаттар

Мүгедектігі бар азаматтардың 81,9%-ы қажетті қызметтермен қамтамасыз етілді, алайда кейбір әлеуметтік мекемелерде қолжетімділік талаптарының сақталмауы анықталған. Осыған байланысты 338 мекемеге тексеру жүргізіліп, тиісті түсіндіру жұмыстары атқарылды.

2025 жылға жоспарланған өзгерістер

Ержан Ермаханұлының айтуынша, 2025 жылы:
- Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер көлемі артады
- Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасады
- Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтер сапасы күшейтіледі
- Әлеуметтік төлемдерді тағайындау процестері жетілдіріледі

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 12 семинар-кеңес өткізіліп, тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша қабылдаулар ұйымдастырылған.

Әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған бұл өзгерістер халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді, – деді Ержан Ермаханұлы.

0 пікір