АРҒЫМАҚ ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСТАРЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ
АРҒЫМАҚ ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСТАРЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ
20.09.2025 20:06
57
0

Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлы Арғымақ шағынауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Бұл басқосу – жергілікті билік пен халық арасындағы ашық диалог орнатуға, сондай-ақ елдімекендегі проблемаларды жедел шешуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Кездесу барысында тұрғындар бірнеше мәселені алға тартты. Ең әуелі, елдімекенде балабақша мен мектептің қажеттілігі айтылды. Халықтың айтуынша, шағынауданның тұрғындары жылдан-жылға көбейіп келеді, ал балалардың білім мен тәрбие алуына арналған мекемелер жеткіліксіз. Сондықтан ата-аналар өз балаларын шалғайдағы мектептерге тасымалдауға мәжбүр. Бұл мәселеге орай аудан әкімі тиісті сала басшыларына арнайы жоспар әзірлеуді және қала әкімдігі деңгейінде қарастыруды тапсырды.

Тағы бір өзекті мәселе – қоғамдық көліктің тапшылығы. Тұрғындар қала орталығына қатынаудың қиындығын айтып, қосымша автобус бағыттарын ашуды сұрады. Әкім бұл өтініштің орынды екенін атап өтіп, қаладағы көлік және жолаушылар тасымалы басқармасымен бірлесе отырып, тиімді шешім қарастырылатынын жеткізді.

Сондай-ақ тұрғын үйлердің құжаттарын заңдастыруға қатысты сұрақтар көтерілді. Кейбір үйлердің техникалық құжаттары толық рәсімделмегендіктен, тұрғындар түрлі қиындықтарға тап болып отырғанын айтты. Бұл мәселе де назардан тыс қалмай, арнайы жұмыс тобы құрылып, әрбір өтініш жеке қаралатын болды.

Көше жарықтандыру да тұрғындар үшін маңызды тақырыптардың бірі болды. Кешкі уақытта жарықтың жеткіліксіздігі балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне әсер етіп отырғаны айтылды. Берік Айдарұлы бұл мәселені аудандық энергетика бөліміне жүктеп, кезең-кезеңімен шешім қабылданатынын жеткізді.

Кездесуде ерекше назар аударылған ұсыныстардың бірі – бос жатқан жер теліміне балалар ойын және спорт алаңшасын салу болды. Бұл бастамаға аудан әкімі өзі барып, жер жағдайымен танысты. Нәтижесінде, аталған аумақты мемлекет мұқтаждығына алу мүмкіндігі қарастырылып, құжаттарды зерделеу бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырма берілді.

Аталған кездесудің тағы бір ерекшелігі – тұрғындар көтерген әрбір мәселенің назардан тыс қалмай, дер кезінде шешімін табуға бағытталуы. Мұндай шаралар халықтың билікке деген сенімін арттырып, ортақ мәселелерді бірге шешуге ынталандырады.

Жалпы, Арғымақ шағынауданындағы кездесу тұрғындар үшін үлкен серпіліс болды. Әрбір азамат өз ұсынысын тікелей әкімге жеткізіп, оның шешімін бірден талқылауға мүмкіндік алды. Бұл – халықтың пікірін тыңдауға және оған нақты әрекетпен жауап беруге бағытталған ашық басқару үлгісінің айқын көрінісі.

Алдағы уақытта мұндай кездесулердің тұрақты өтуі ауданның даму қарқынын арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарта түсетіні сөзсіз. Тұрғындар тарапынан айтылған әр ұсыныс назарға алынып, нақты іспен жүзеге асатынына сенім мол.

 

0 пікір