Creative Aimaq: ШҚО креаторлары 3,8 млн теңгенің өнімін сатты
Creative Aimaq: ШҚО креаторлары 3,8 млн теңгенің өнімін сатты
27.07.2026 10:39
46
0

   25–26 шілде күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының креативті жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараға өңірдің креативті индустриясында жұмыс істейтін 50-ге жуық өкіл қатысты. Жәрмеңкеде қазақстандық дизайнерлердің брендтері, қолөнер шеберлерінің бірегей туындылары және заманауи шығармашылық жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

Екі күн бойы сәндік-қолданбалы өнер, дизайн және авторлық шығармашылық бағытында шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Жәрмеңке барысында балаларға арналған SAMGA театрының Абайдың «Болыс болдым, мінекей» шығармасы желісімен құрылған спектаклі сахналанды. Келушілер арасында Шығыс Қазақстан облысының ең көрікті туристік бағыттарының бірі бойынша екі адамға арналған жолдама ойнатылды.

Екі күн ішінде жәрмеңкеге 1 500-ге жуық адам келді. Іс-шара қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының креаторлары 3,8 млн теңгенің өнімін сатты. Келушілерге керамика, тоқыма бұйымдары, интерьер заттары, кескіндеме туындылары, ағаш пен былғарыдан жасалған қолөнер бұйымдары және кәдесый өнімдері ұсынылды.

Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креативті индустрияларды дамытуға, жергілікті авторларды қолдауға және олардың өнімдерін нарыққа шығаруға бағытталған.

Бүгінде жоба аясында алты өңірлік креативті жәрмеңке ұйымдастырылды. Оларға 16 мыңға жуық адам қатысып, креаторлардың өнімдерін сатудан түскен жалпы табыс 25,3 млн теңгеден асты.

0 пікір