Инфрақұрылым – өркендеудің негізі Тұран ауданындағы жүйелі жұмыстар
Инфрақұрылым – өркендеудің негізі Тұран ауданындағы жүйелі жұмыстар
27.07.2025 10:55
265
0

     Тұран – бұл тек құрылыс жүріп жатқан аймақ емес, бұл – болашақ өмір сүру стандарты қалыптасып жатқан жаңа кеңістік. Мұнда жай ғана үйлер емес, қоғамның барлық мүшесі үшін қолайлы экожүйе құрылуда. Аудандағы әрбір құрылыс, әрбір инфрақұрылымдық жоба – бүгінгі мен ертеңгі ұрпақ үшін салынуда. Сондықтан да Тұран ауданы жақын болашақта Шымкенттің ең үлгілі, ең қауіпсіз және ең тартымды тұрғын аймақтарының біріне айналатынына сенім мол.

Тұран ауданы құрылғалы бері оның инфрақұрылымдық даму мәселесі жергілікті билік үшін басты назарда болып келеді. Себебі жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктің тиімді жұмыс істеуі және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – тікелей осы салаға байланысты. Аудан аумағында инженерлік желілерді тарту, олардың сапасын арттыру және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Бүгінгі таңда Тұран ауданының электр энергиясымен қамтылу деңгейі 98,5 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішке сәйкес 19 шағын аудан толығымен жарықпен қамтамасыз етілсе, қалған 2 шағын аудан алдағы уақытта жүйеге қосылады. Табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші – 95,2 пайыз. Газ тартылмаған 1 шағын аудан бар, ол бойынша тиісті техникалық-экономикалық негіздемелер дайындалуда және жұмыс жоспарына енгізілген.

Ауыз су жүйесі бойынша қамту деңгейі 85,7 пайызды құрайды. Қазіргі таңда 3 шағын ауданда ауыз су жүйесі жоқ, бірақ олар бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады деп жоспарланып отыр. Бұл бағытта Құрсай және Айкөл шағын аудандары ерекше назарда. Айта кету керек, Жаңаталап, Құрсай және Айкөл шағын аудандарының жаңа құрылыс аймақтарында магистралды су құбырларының құрылысы басталып кеткен.

Кәріз жүйесіне келер болсақ, бұл салада қамтылу деңгейі әзірге 57,1 пайызды құрайды. Бұл аудан үшін шешімін күткен өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда 12 шағын аудан ғана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. 2025-2026 жылдарға арналған жоспар бойынша бұл көрсеткішті 60 пайыздан асыру көзделген. Қазірдің өзінде Құрсай мен Түркістан шағын аудандарында құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар, Қазыбек би көшесіне де кәріз жүйесі тартылмақ.

Аудан тұрғындарының саны жылдан-жылға өсіп келе жатқанын ескерсек, инфрақұрылыммен толық қамту қажеттілігі де арта түсуде. Осыған байланысты қала әкімдігі және аудан басшылығы тарапынан әр шағын аудан бойынша кешенді жоспарлар әзірленіп, нақты іс-шаралар қолға алынуда. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге және қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған.

Инженерлік желілермен қамтамасыз ету – кез келген елді мекеннің тіршілік көзі. Осы бағытта Тұран ауданының алдағы үш жылға арналған даму жоспары нақты белгіленген. 2026 жылға қарай ауыз су, газ және электр энергиясымен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Кәріз жүйесіне қосу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Бүгінгі таңда Тұран – тек құрылыс аймағы ғана емес, сонымен бірге толыққанды өмір сүруге бағытталған инфрақұрылымдық жүйе қалыптасып жатқан аудан. Мұнда жүргізіліп жатқан әрбір инженерлік жоба – болашақ ұрпақтың игілігі үшін салынып жатқан маңызды бастама. Аудан әкімдігі осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі, уақтылы және сапалы орындалуын басты міндет ретінде қарастырады

0 пікір