ЖЕТІСАЙДА ЖАРЫҚТЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛМАҚ
ЖЕТІСАЙДА ЖАРЫҚТЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛМАҚ
29.07.2025 13:11
10
0

Түркістан облысының ең тығыз қоныстанған аймақтарының бірі – Жетісай ауданы. Көпқабатты тұрғын үйлері мен тынымсыз тіршілікке толы көшелері бар бұл өңірде электр қуатына деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Сол себепті де тұрғындарды сапалы әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз ету – басты басымдықтардың біріне айналған.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде, Жетісай қаласында қуатты қосалқы электр станциясының құрылысы қолға алынып, бүгінде аяқталуға жақын.

Жетісай қаласының іргесінде салынып жатқан бұл стратегиялық маңызы зор нысан – ауданның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі жобалардың бірі. Қосалқы станция іске қосылған кезде қала аумағындағы он екі көпқабатты тұрғын үй, яғни 440 пәтер немесе шамамен 1840-тан аса абонент тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтылады. Бұл – тек тұрмыстық жағдайдың ғана емес, жалпы қала тіршілігінің серпінді дамуына тың серпін беретін қадам.

Құрылыс жұмыстарын «Vek-Story-Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жалпы жобаның сметалық құны – 1 миллиард 300 миллион теңгеден асады. Қуаттылығы 110/35/10 кВ болатын станция – заманауи технологиямен жабдықталып, замана талабына толық сай етіп салынуда. Қазір құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Жоспар бойынша нысан биыл толық қолданысқа берілмек.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Ол мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың сапасына жіті көңіл бөліп, белгіленген мерзімді созбалаңға салмай, жобаны уақытылы аяқтауды тапсырды. «Біз бұл нысаннан үлкен үміт күтеміз. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда бұл жобаның орны ерекше. Сондықтан сапа мен қауіпсіздік – басты назарда болуы тиіс», – деді аудан әкімі.

Энергетика саласындағы мұндай ірі жобалар тек тұрмыстық қажеттілікті ғана өтеп қоймайды, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін береді. Қосалқы станция іске қосылған соң, электр қуатының тұрақсыздығынан туындайтын ақаулар азайып, жаңадан салынатын үйлер мен өндірістік нысандарды қуат көзімен қамтамасыз ету жолы жеңілдейді. Сонымен қатар бұл жоба аясында кемінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Қосалқы станция – болашақтың жобасы. Ол Жетісайдың энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдегі өзге инфрақұрылымдық жобаларға да жол ашады. Өйткені электр қуаты – өркениеттің өзегі. Қала күн санап өсіп, халық саны артып жатқан кезде мұндай жобалар – дамудың нақты кепілі.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде инфрақұрылымға бағытталған бірқатар ірі жобалар қатар жүзеге асуда. Бұл – мемлекеттің тұрақты саясатының, облыс әкімдігінің жүйелі жұмысының, әрі халықтың қолдауына сүйенген нақты істердің нәтижесі. Ал Жетісайдағы бұл қосалқы станция – осы нәтижелі жұмыстардың айқын дәлелі.

Жақын болашақта жарықпен жарқыраған Жетісай қаласы жаңа тыныс алып, келешекке сеніммен қадам басары анық. Энергия жетіспеушілігі сынды мәселе түбегейлі шешіліп, халыққа жайлы жағдай жасалатын болады.

 

0 пікір