ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
10.07.2026 20:02
10
0

Түркістан облысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық денсаулығын нығайту, заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту және жеке инвестицияларды әлеуметтік салаға тарту жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде жаңа емдеу мекемелері пайдалануға беріліп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы артып келеді.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Жетісай ауданында жүзеге асты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында Асықата кентінде жаңадан салынған «Aksu Samruk Medical Clinic» медициналық орталығының ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарды жаңа емдеу мекемесінің іске қосылуымен құттықтады.

Салтанатты шараға медицина саласының ардагерлері, жергілікті тұрғындар, зиялы қауым өкілдері және жауапты мекеме басшылары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі адамның өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысында соңғы жылдары медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жаңа емдеу мекемелерінің саны артып келеді.

– Денсаулық сақтау саласына салынған әрбір инвестиция – халықтың әл-ауқатына салынған инвестиция. Заманауи медициналық орталықтардың ашылуы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу және жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Біз өңірде өндіріс орындарын ғана емес, әлеуметтік маңызы бар нысандардың да санын көбейтуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырамыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Өңір басшысы Түркістан облысы құрылғаннан бергі денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, 1991-2017 жылдар аралығында өңірде 386 денсаулық сақтау нысаны салынса, облыс құрылғаннан кейінгі соңғы сегіз жыл ішінде тағы 214 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген. Бұл халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа медициналық орталық жергілікті кәсіпкер Елдос Байыспаевтың жеке инвестициясы есебінен бой көтерді. 2 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция бағытталған жоба өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға қосылған маңызды үлес саналады.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталып, нәтижесінде жалпы аумағы 2565 шаршы метрді құрайтын заманауи медициналық кешен пайдалануға берілді. Мұнда тәулігіне 280 адамға дейін қабылдау жүргізіледі. Сонымен қатар орталық құрамында 10 орындық күндізгі стационар мен 40 орындық тәулік бойы жұмыс істейтін стационар қызмет көрсетеді.

Жоба аясында 70 жаңа жұмыс орны ашылып, жоғары білікті дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері жұмыспен қамтылды.

Медициналық орталық ең жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда терапия, кардиология, хирургия, травматология, оториноларингология, эндокринология, неврология, гастроэнтерология, дерматология, офтальмология, стоматология, гинекология, урология және педиатрия бағыттары бойынша қабылдау жүргізіледі. Сондай-ақ тұрғындарға зертханалық және диагностикалық қызметтердің кең спектрі ұсынылады.

Орталықтың тағы бір ерекшелігі – мұнда күрделі хирургиялық операцияларды жүргізуге толық мүмкіндік жасалған. Заманауи операциялық бөлімшелер халықаралық талаптарға сай жабдықталып, пациенттердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген.

Бұдан бөлек, медициналық мекемеде балалар мен ересектерге арналған вакцинация кабинеттері, клиникалық зертханалар, диагностикалық бөлімдер жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ем қабылдауына қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы лифт орнатылған. Сонымен қатар орталық жедел қызмет көрсету үшін заманауи жедел жәрдем автокөліктерімен қамтамасыз етілген.

Жаңа медициналық кешеннің іске қосылуы Жетісай ауданы мен оған іргелес елді мекендердің тұрғындарына сапалы медициналық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге және денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа медициналық нысандардың ашылуы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді.

 

0 пікір