Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Отбасы құндылықтары» атты тақырыпта семинар өтті. Іс-шараны ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма ұйымдастырды. Жиынға спикер ретінде профессор, биология ғылымдарының докторы, «Экомед» клиникалар тобының және «NGG» халықаралық репродукция орталығының негізін қалаушы Салтанат Байқошқарова қатысты.
Бүгінде қыз тәрбиесі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазақ дәстүрінде қыз бала ұлттың тәрбиесін қалыптастыратын тұлға саналады, алайда қазіргі уақытта бұл құндылықтар еленбей қалып жатыр. Салтанат Байқошқарова өз сөзінде отбасындағы құндылықтардың маңызын және әже тәрбиесінің жастар үшін қаншалықты қажетті екенін атап өтті.
– Әкемнің тұңғышымын. Қазақ салтында, тұңғыш бала ата-әжесіне беріледі. Солай ата-апамның махаббатына қанып өстім. Жұлдызым, өмірі баянды болатын шам-шырағым, ақылдым, табандым деген сынды баталарын естідім. Қазір біздің қоғамға жетпейтін дәл осы әженің асыл сөздері. Сол арқылы бола ертеңіне сеніп өседі. Ал, қазіргі ажырасу деңгейінің күн санап өсіп келе жатқаны әлеуметтік желідегі ақылшылардың көп болуынан деп білемін. Өйткені, кез-келген парақшаны ашсаң, өзін психолог, коуч-тренер, сапалы өмір сүруді үйретемін деп таныстырып жатады. Бірақ өзі не отбасында, не бизнесте жолы болмаған бейбақ болып шығады. Сол азаматтар, әуелі өзіңді сүй, өзіңді құрметте, тапқаныңды өзіңе жұмса деп айтады. Ал, оның түбі айналып келгенде маркетингке келеді. Дәл осы сөзді тыңдап, осы жолмен жүретіндер кез-келген нәрсені үстіне жапыстырғыш, бетіне бояу жаққыш келеді. Өйткені ол өзін жақсы көреді ғой. Жалпы, айтқанда қоғамдағы отбасы құндылығы тек ер мен әйелге қатысты. Әйел сабырлы болса, еркек нан тапқыш болса отбасынан береке кетпейді, - дейді Салтанат Берденқызы.
Салтанат Байқошқарова отбасы құндылықтары тек ер мен әйелдің қатынасымен шектелмейтінін атап өтті. Отбасындағы сабыр мен ынтымақтастық, әр адамның рөлі мен міндеттері маңызды. Жиын барысында жастар отбасылық құндылықтар мен жоғары медицина ғылымдарының жетістіктері туралы сұрақтар қойды, және бұл тақырыптар қатысушылар арасында қызу талқыға түсті.
Семинар соңында Салтанат Байқошқарова, жастардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, отбасылық дәстүрлерді сақтау қажеттігін тағы да еске салды.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru