ШЫМКЕНТТЕ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ШЫМКЕНТТЕ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
04.10.2024 23:46
37
0

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап ғылыми кітапханасында еліміздегі атом электр станциясын салу мәселесі кең көлемде талқыланды. Бұл жиын елімізде қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптың маңыздылығын арттыра отырып, қоғамның назарын атом энергетикасына аударуды мақсат етті.

Жиынға Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері, ақындар, жазушылар, ғылым мен мәдениет саласының мамандары, сондай-ақ басқармаға қарасты мекемелердің қызметкерлері қатысты. Әртүрлі сала мамандары атом энергетикасының артықшылықтары, экономика мен экологияға тигізетін әсері, дамыған елдердің атом энергетикасы саласындағы тәжірибесі туралы баяндамалар жасады.

Шымкент қаласының қуғын-сүргін музейінің аға ғылыми қызметкері Ботагөз Нұрқұлова атом энергиясының мемлекет үшін маңыздылығын атап өтті. Ол электр энергиясының елдің дамуындағы негізгі қозғаушы күш екенін ескере отырып, АЭС салудың тәуелсіздіктің бір көрінісі болатынын айтты.

 – Электр энергиясы мемлекет дамуының негізгі қозғаушы күші екендігін ескерсек, елімізде АЭС салу ел тәуелсіздігінің тағы бір көрсеткіші болары сөзсіз. Дамыған елдер атом электр станциясын салдырып, соның арқасында алға жылжып, ел экономикасына зор ықпал етіп отыр. АЭС салу мәселесін еліміздегі ғалымдар жан-жақты зерттеп, осындай тоқтамға келгені белгілі. Болашақта АЭС еліміздің дамуына да зор серпін әкеледі деп сенемін, – деді Шымкент қаласының қуғын сүргін музейінің аға ғылыми қызметкері Ботагөз Нұрқұлова. А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының директоры Н.Романова, сондай-ақ жас ақын С.Сейітов сөз алып, қатысушыларды алдағы референдумға белсене қатысуға шақырды.

Атом энергетикасы – бұл тек электр энергиясын өндіру ғана емес, сонымен қатар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен экономиканы тұрақтандыру үшін маңызды бағыт. Жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал ететіндігі сөзсіз. АЭС құрылысы мен оның пайдасы туралы пікірталастар жалғасын табады, ал еліміз осы салада жаңа белестерге жету үшін тың шешімдер қабылдауы керек.

Қорыта айтқанда, бұл жиын еліміздің атом энергетикасына қатысты қоғамдық пікірді қалыптастыруда және азаматтарды белсенділікке ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы жолындағы өзекті мәселелерді талқылап, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға мүмкіндік алды.

0 пікір