Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және қауіпсіздік мәселелерін шешу мақсатында бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Алғашқы сапар Еңбекші ауданының «Маятас» тұрғын алабына бағытталды, онда Бадам өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жағалаудың екі жағынан бекітілетін аумақтың жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Бүгінде аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл жұмыстар толық аяқталған. Абай ауданындағы өзен жағалауындағы жұмыстар да алдағы уақытта осы жылы тәмамдалмақ.
Сонымен қатар, әкім тұрғындардың ескі аспалы көпірдің жағдайына қатысты шағымдарын ескеріп, жаңадан жаяу жүргінші көпірін, жаяу жүргінші жолдарын және балалар алаңын салу бойынша мердігер ұйымға тапсырма берді. Мердігер ұйым әлеуметтік жауапкершілік аясында аталған жобаларды жүзеге асыруда. Ғабит Сыздықбеков компания өкілдеріне қала дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, қалған жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуын бақылауды тапсырды.
Тұран ауданындағы «Металлург» саябағында әкім йога алаңының құрылысы барысымен танысты. Ол жерде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді, азаматтар жаз мезгілінде саябақтағы орындықтар санын көбейту және жаттығу құралдарын жаңарту қажеттігін айтты. Әкім тұрғындардың пікірін ескеруді және саябақтағы сыртқы жарықтандыру кестесін ретке келтіруді міндеттеді.
Абай ауданында Темірлан тас жолы бойындағы бұрынғы қараусыз қалған гүлзарды қалпына келтіру жұмыстарын да тексерді. Жаңартылған қоғамдық орында газон мен ағаштар отырғызылып, суару жүйесі, орындықтар және жарық шамдары орнатылды.
Сондай-ақ, әкім «Жиделі» тұрғын алабындағы Диваев және Бекет батыр көшелерінде орналасқан жаңа сквердің құрылысымен танысты. Тәуке хан даңғылы, «Көл» аумағы, Тәшенов және Түркістан көшелеріндегі, Орталық саябақ және Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақтың тазалығы мен жағдайын да назардан тыс қалдырмады.
Тексеруден кейін, қала әкімдігі мен жауапты басқармаларға көше мен аулалардың тазалығын бақылауды күшейтуді тапсырды. Осылайша, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізуде. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге, қоғамдық кеңістікті жақсартуға және қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Шаһардың көркейіп, дамуы үшін жасалып жатқан бұл қадамдар Шымкентті заманауи қалаға айналдыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.