ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, Мақтаарал, Шардара, Отырар және Бәйдібек аудандарын аралады. Сапар барысында министр су шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен және сала мамандарымен кездесті. Іссапарға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев қатысып, өңірдегі су ресурстарын басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Мақтаарал ауданындағы «Мырзашөл» қашыртқысының жағдайы
Министр жұмыс сапарын Мақтаарал ауданынан бастап, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан «Мырзашөл» қашыртқысының (ЦГК) жағдайымен танысты. Бұл нысан 1930 жылдан бері жұмыс істеп келеді және егістік алқаптардан шығатын дренажды суларды ағызуға арналған. Жалпы ұзындығы – 84,7 шақырым, оның 56,15 шақырымы Қазақстан аумағында орналасқан (Мақтаарал – 26,85 шақырым, Жетісай – 29,30 шақырым). Су өткізу қабілеті – 120 м³/сек, ал жылына 122 млн м³ дренажды су қашыртқы арқылы өтеді.
Тұрғындармен ашық диалог
Мақтаарал ауданында Нұржан Нұржігітов жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, ауыл шаруашылығы және су тапшылығы мәселелері бойынша пікір алмасты. Жиын барысында тұрғындар өзекті мәселелерді көтеріп, министр қойылған сұрақтарға жауап берді.
Шардара су қоймасындағы жағдай
Жұмыс сапары Шардара ауданында жалғасты. Мұнда министр «Шардара» су қоймасының техникалық жағдайын көріп, жергілікті шаруалармен кездесті. Су қоймасының сыйымдылығы – 5,2 млрд м³, су өткізу қабілеті – 2 927 м³/сек, бөгеттің ұзындығы – 5 шақырым. Сонымен қатар министр 2011 жылы пайдалануға берілген «Көксарай» су реттегішінің қазіргі жағдайымен де танысты. Нысанның жобалық су көлемі – 3 млрд м³. Алайда ыза суының көп мөлшерде шығуына байланысты қазіргі уақытта 1,5 млрд м³-тен артық су жинау мүмкін емес. Бұл мәселені шешу үшін ЖСҚ әзірленіп, жобаны үш кезеңмен іске асыру жоспарлануда.
Отырар ауданындағы инвестициялық жобалар
Министр Отырар ауданында «Алтын Дала Мақта» мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысып, шетелдік инвестор Сюй Цземен кездесті. Инвестор Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамытуға қызығушылық білдіріп отыр. 47,6 млрд теңге инвестиция тарту арқылы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып мақта өсіру жобасы жүзеге асырылады. Бұл жоба 750 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауыты және тамшылатып суару жүйесін шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды. «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында жіп иіру, мата өндіру, бояу және әрлеу, тігін фабрикалары мен ПВХ құбырларын шығаратын 5 зауыт салу жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі – 57 млрд теңге, нәтижесінде 2 900 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бәйдібек ауданындағы «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы
Сапар соңында министр Бәйдібек ауданына барып, «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс жұмыстарының 40%-ы, ал апаттық ағытушы каналдың 90%-ы аяқталған. Құрылысқа 60 жұмысшы мен 30 техника жұмылдырылған. Жоба толық іске қосылғанда 9,7 мың гектар суармалы жер тұрақты сумен қамтамасыз етіледі. Су қоймасы Балабөген мен Үлкен Бөген өзендерінің қиылысқан жерінде салынуда.
Жұмыстың қарқынын арттыру жөніндегі тапсырмалар
Сапар қорытындысы бойынша Нұржан Нұржігітов аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына су шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстарды жандандыруды және жобалардың уақытылы іске асырылуын бақылауды тапсырды. Министр су ресурстарын тиімді пайдалану ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.