ТӘРТІП ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ТҰРАҚТЫ ТІРЕГІ
ТӘРТІП ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ТҰРАҚТЫ ТІРЕГІ
13.05.2025 19:15
10
0

Түркістан қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және Әдеп кодексінің талаптарын түсіндіру бағытында кезекті кеңейтілген жиын өтті. Жиынға қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен мамандары қатысты. Іс-шараға жетекшілік еткен – Түркістан қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Қуаныш Нұржанұлы.

Жиналыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебі мен заң талаптарын сақтау деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ қызметтік этика талаптарын күнделікті тәжірибеде берік ұстануды қалыптастыру. Бұл бағытта Әдеп жөніндегі уәкіл ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің негізгі баптары мен тармақтарына тоқталып, нақты мысалдар келтіре отырып жан-жақты түсіндірме берді.

Ол жүргізген мониторинг қорытындылары негізінде қала әкімдігінің кейбір бөлімдерінде әдеп талаптарын бұзу, еңбек тәртібіне салғырт қарау, сондай-ақ ішкі тәртіп ережелерін сақтамау жағдайлары тіркелгенін ашық айтты. Мұндай деректер заң шеңберінде қарастырылып, әрқайсысына қатысты тиісті шаралар қабылданған. Әдеп жөніндегі уәкіл бұл құқық бұзушылықтар жай ғана тәртіпсіздік емес, бүкіл мемлекеттік қызметтің абыройына дақ түсіретін әрекет екенін ескертті.

Жиын барысында мемлекеттік қызметтің негізгі ұстанымдарына тоқталған Қуаныш Нұржанұлы құқық бұзушылыққа апаратын себептер мен алғышарттарға терең талдау жасады. Оның айтуынша, көптеген жағдайда тәртіп бұзушылықтар білім мен құқықтық сауаттың жетіспеушілігінен немесе қызметтік жауапкершілікті толық сезінбеуден туындайды. Бұл – тек жекелеген қызметкердің емес, тұтас ұжымдық мәдениеттің әлсіздігін көрсетеді. Сондықтан да тәртіпті күшейту тек жазалау арқылы емес, жүйелі түсіндіру, тәрбиелеу және бақылау жұмыстары арқылы жүзеге асуы тиіс.

Кездесу барысында келесі өзекті мәселелер кеңінен қаралды:

  • Әкімшілік құқық бұзушылықтардың түрлері және олардың құқықтық салдары;
  • Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сай мінез-құлық стандарттары;
  • Еңбек тәртібін сақтау мен жұмыс уақытын тиімді пайдалану мәселелері;
  • Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жолдары;
  • Қызметтік және қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстау қағидалары;
  • Мемлекеттік қызметкердің сыртқы бейнесі мен сөйлеу мәдениеті;
  • Қызметтік міндеттерін адал және бейтарап орындау қажеттілігі.

Қуаныш Нұржанұлы өз сөзінде әрбір мемлекеттік қызметкер өз әрекеті арқылы бүкіл мемлекеттік аппараттың имиджін қалыптастыратынын, сондықтан әр қызметкердің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екенін қадап айтты. Ол сонымен қатар, мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметкерлерге жасалып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары мен кәсіби өсуге бағытталған мүмкіндіктер туралы да тоқталды. Осындай мүмкіндіктерге ие болып отырып, қызметтік міндеттерді дұрыс атқармау немесе әдептен тыс әрекетке бару – үлкен сенімге жасалған қиянат екенін атап өтті.

Жиналыс соңында мемлекеттік қызметшілер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Қызметтік жағдайларға қатысты өмірлік мысалдар арқылы этикалық дилеммалар мен олардың шешу жолдары ортаға салынды. Бұл пікір алмасу форматындағы сұқбат мемлекеттік қызметкерлер үшін пайдалы әрі тәжірибелік жағынан құнды болды.

Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкіл жеке қабылдау аясында әкімдік қызметкерлерінің бірімен жеке кездесіп, оның сұрағына қатысты кеңес берді. Бұл – қызметкерлердің әрбір өтінішіне бейжай қарамай, нақты жағдайға терең үңіліп, қолдау көрсетуге дайын екенін көрсетеді. Жеке қабылдау барысында қойылған сұраққа байланысты құқықтық және этикалық тұрғыдан толыққанды консультациялық көмек көрсетілді.

Бүгінде Түркістан қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызметшілердің әдеп талаптарын сақтауын қамтамасыз ету, қызметтік тәртіп пен ішкі мәдениетті нығайту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мұндай кездесулер мен жиналыстар – қызметкерлерге заңнамалық нормаларды терең түсіндіруге, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар.

Мемлекеттік қызмет – ел мүддесі үшін адал қызмет етуді талап ететін жауапты сала. Әрбір қызметкердің адалдығы, тәртібі мен әдептілігі – мемлекеттің тұрақты дамуына қосылған үлес. Сондықтан да осындай іс-шаралар мемлекеттік аппаратты жетілдірудің, халық сенімін арттырудың және тиімді мемлекеттік басқарудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

 

0 пікір