ТҰРАН АУДАНЫНДА ЖОЛДАР 2025 ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ АСФАЛЬТТАЛАДЫ
ТҰРАН АУДАНЫНДА ЖОЛДАР 2025 ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ АСФАЛЬТТАЛАДЫ
02.10.2025 22:27
121
0

Тұран ауданы – Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан жаңа аумақтарының бірі. Мұнда әлеуметтік инфрақұрылым дамып, жаңа тұрғын үйлер мен демалыс орындары салынып қана қоймай, ең бастысы – жол мәселесіне ерекше назар аударылуда. Өйткені сапалы жол – тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды фактор.

Осы мақсатта Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлы мердігер мекемелердің басшыларымен арнайы жиын өткізді. Кездесуде жол құрылысы мен асфальт төсеу жұмыстарының барысы талқыланып, әрбір шағынаудан бойынша нақты есеп тыңдалды. Әкім атқарылған жұмыстардың сапасына ерекше тоқталып, жолдардың белгіленген мерзімде аяқталуы қажет екенін қадап айтты. Оның айтуынша, кез келген инфрақұрылым жобасы ең алдымен халықтың ыңғайы мен қауіпсіздігі үшін жасалуы тиіс.

2025 жылдың соңына дейін Тұран ауданындағы барлық көшелерге асфальт төселіп, жол инфрақұрылымы толық жаңартылады. Бұл – аудан тарихындағы үлкен көрсеткіш. Бүгінде жалпы ұзындығы 145,3 шақырымды құрайтын 281 көшенің 217-сінде жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 70 көше жыл соңына дейін толық жөнделіп бітеді. Нәтижесінде Тұран ауданы жол инфрақұрылымымен 100% қамтылатын болады.

Бұл тек сандар мен жоспар емес, бұл – мыңдаған тұрғынның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бастама. Асфальтталған жолдар – тұрғындардың жұмысына, балаларының мектебіне немесе балабақшасына баруын жеңілдетеді, қоғамдық көліктің қозғалысын жақсартады. Сонымен қатар, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі секілді арнайы техникалардың кедергісіз жүруіне де мүмкіндік туады.

Әкімдік тарапынан қойылып отырған басты талап – жұмыстың сапасы. Әрбір көшеге төселетін асфальт ұзақ мерзімге шыдамды болуы тиіс. Осыған орай мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, бақылау тетіктері күшейтілді. Тұрғындардың пікірлері де ескеріліп, жол жөндеу жұмыстарының барысы әлеуметтік желілер мен қоғамдық кездесулерде ашық түрде талқыланып келеді.

Тұран ауданының жолдары жаңарған сайын оның келбеті де өзгеруде. Жаңа үйлер бой көтеріп, аулалар абаттандырылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілгенімен, жолдардың сапасы толық қамтамасыз етілмейінше, тұрғындардың тұрмысында қолайсыздықтар кездесуі мүмкін еді. Сондықтан жол инфрақұрылымын дамыту – аудан басшылығының басты назарындағы мәселе болып қала бермек.

2025 жылы жоспарланған жұмыстардың толық аяқталуы нәтижесінде Тұран ауданы заманауи инфрақұрылымы дамыған, тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасалған аймаққа айналатыны сөзсіз. Бұл аудан халқының өмір сапасын арттырып қана қоймай, Шымкенттің жалпы дамуына да үлкен үлес қосады.

0 пікір