ТҰРАН АУДАНЫНДА КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
ТҰРАН АУДАНЫНДА КӨШПЕЛІ  КЕЗДЕСУ ӨТТІ
19.11.2025 21:06
65
0

Тұран ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы А. Дәулетханұлы Төменгі Отырар мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесіп, олардың күнделікті өмір сапасына әсер ететін өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында азаматтар қоғамдық инфрақұрылымның жай-күйіне, коммуналдық қызметтердің жұмысына және аулаішілік қауіпсіздікке қатысты бірқатар пікірлерін ортаға салды.

Тұрғындар ең алдымен жылу жүйесінде орын алып отырған ақауларды атап өтті. Қыс мезгілінің жақындауына байланысты жылу желілеріндегі техникалық кемшіліктерді дер кезінде жою, тозығы жеткен құбырларды ауыстыру және үйлерге жылудың тұрақты әрі сапалы берілуін қамтамасыз ету мәселесі басым бағыт ретінде көтерілді. Аудан басшысы бұл бағытта тиісті мамандарға нақты тапсырмалар беріп, мәселенің шешілуін жіті бақылауға алатынын айтты.

Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің аула аумақтарын асфальттау мәселесі де сөз болды. Тұрғындар аулалардағы жол төсемінің тозуы, шұңқырлардың пайда болуы және жаяу жүргіншілер жолдарының жеткіліксіздігі жайлы өз пікірлерін білдірді. А. Дәулетханұлы аталған мәселенің кезең-кезеңімен шешім табатынын, жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын және жұмыстар жоспарға сәйкес іске асырылатынын атап өтті.

Қауіпсіздік тақырыбы да тұрғындар назарынан тыс қалмады. Әсіресе аула мен көше бойларына бейнебақылау камераларын орнату, құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Жауапты бөлім өкілдері камера орнатуға қатысты техникалық мүмкіндіктер мен талаптарды түсіндіріп, бұл мәселені зерделеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Көше жарығын реттеу де өзекті сұрақтардың бірі болды. Тұрғындар кейбір аумақтарда жарықтандыру жүйесінің жеткіліксіздігі немесе шамдардың істен шығуы түнгі уақытта қолайсыздық тудыратынын жеткізді. Аудан әкімдігі тарапынан электр желілерін тексеру, ақауларды жою және қосымша жарық шамдарын орнату бойынша тапсырмалар берілді.

Тұрғын үйді басқару ұйымдарының қызметіне қатысты ұсыныстар да қарастырылды. Тұрғындар үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстау, санитарлық жағдайды бақылау және қызмет көрсетуші ұйымдардың жауапкершілігі туралы мәселелерін айтты. Әрбір сұрақ бойынша мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шешім қабылдауға бағытталған ұсыныстар әзірледі.

Кездесу қорытындысы бойынша тұрғындар көтерген барлық мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді. А. Дәулетханұлы айтылған әр ұсыныстың орындалуы жүйелі түрде бақылауда болатынын атап өтіп, тұрғындармен ашық диалог алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

0 пікір