ТҰРАН АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫ АРТҚАН
ТҰРАН АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫ АРТҚАН
01.11.2025 16:41
10
0

Соңғы жылдары Шымкенттің даму картасында айрықша орны бар аумақтардың бірі – Тұран ауданы. Бұл ауданның қазіргі келбеті бірнеше жыл бұрынғы жағдайымен салыстырғанда түбегейлі өзгергенін бірден байқауға болады. Қала әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар ауданды жаңа деңгейге шығаруға бағытталғаны анық. Тұран – тек құрылыс қарқыны жоғары аймақ емес, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңару орталығы ретінде қалыптасып келеді.

Ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен ауқымы тұрғындардың назарын аударып отыр. Жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай салынып, олардың айналасындағы кеңістіктер де тұрғындардың күнделікті өміріне барынша ыңғайлы болатындай жобалануда. Көлік қатынасы реттеліп, жолдардың кеңейтілуі, жаңа көше бағыттарының ашылуы – аудандағы қозғалысты әлдеқайда жеңілдетті.

Тұранның әлеуметтік саласындағы өзгерістер де айрықша. Соңғы жылдары мектептер, балабақшалар, медициналық орталықтар салу қарқын алды. Әсіресе оңалту орталықтарының ашылуы аудан тұрғындарына мол мүмкіндік беріп отыр. Бұрын мұндай қызметке жүгіну үшін қала орталығына баруға тура келетін. Қазір көптеген әлеуметтік мәселелер аудан көлемінде шешіледі. Бұл – тұрғындар үшін уақытты үнемдеу ғана емес, сапалы қызметке дер кезінде қол жеткізу мүмкіндігі.

Көп жылдан бері көтеріліп келген инфрақұрылым мәселелері де біртіндеп шешімін табуда. Судың, жарықтың, жылудың жеткізілуі, инженерлік жүйелердің жаңартылуы – уақыт талабына жауап беретін нақты қадамдар. Көшелердің жарықтандырылуы мен аяқ жолдардың салынуы тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Абаттандыру жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқаны да көзге көрініп тұр. Қоғамдық демалыс аймақтары, спорт алаңдары, балалар ойын орындары көбеюде. Аулада серуендеп, таза ауада уақыт өткізуге арналған жағдай бұрынғыдан анағұрлым жақсарған. Жасыл аймақтардың ұлғаюы ауданның экологиялық жағдайына оң әсер етуде.

Сонымен қатар, Тұранда шағын бизнес те дамып келеді. Қызмет көрсету саласы кеңейіп, жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылуда. Бұл ауданның экономикалық әлеуетінің артуына ықпал етіп, тұрғындарға жаңа жұмыс орындары мен қажетті тауарлар мен қызметтерді өз маңынан алуға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы алғанда, Тұран ауданының қазіргі дамуы – жоспарлы басқарудың, жүйелі бақылаудың және қала басшылығының нақты іс-қимылының нәтижесі екені анық. Аудандағы оң өзгерістер алдағы уақытта да жалғасын тапса, Тұран Шымкенттің ең жайлы, қауіпсіз әрі заманауи аудандарының біріне айналары сөзсіз.

Тұран ауданының тұрғыны – Айдана Жұмабекқызы

0 пікір