Тұран ауданында зираттарды абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі жүргізілуде
Тұран ауданында зираттарды абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі жүргізілуде
01.08.2025 13:15
37
0

Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімдігіне қарасты «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қала аумағындағы жерлеу орындарын күтіп-ұстау және абаттандыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар – ұлттық салт-дәстүрлерімізге, рухани құндылықтарымызға деген құрметті арттыруға, ата-бабалар рухына тағзым етуге және кейінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие қалдыруға бағытталған.
Атқарылған шаралар аясында зират аумақтарындағы ішкі жолдарға асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасалды. Бұрын шұңқырланып кеткен, жүру мүмкіндігі қиындаған жол бөліктері толықтай жөнделіп, арнайы техника күшімен тегістеліп, сапалы жабынмен қайта қалпына келтірілді. Бұл жұмыстар келушілер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға сеп болды.
Сонымен қатар, зират ішіндегі және айналасындағы санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Қураған шөптер мен бұтақтар, сынған ағаштар, тұрмыстық қалдықтар толықтай жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Бұл шаралар қорым аумағының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрт шығу қаупінің алдын алуға бағытталды. Сондай-ақ, зират маңайындағы стихиялық қоқыс тасталған аймақтар да тазартылып, бақылауға алынды.
Абаттандыру жұмыстары шеңберінде жол жиегін тегістеу, айналаны көгалдандыру, кіреберіс аймақтарды көркейту, қоршауларды ретке келтіру және қажет жерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді қосымша істер атқарылды. Кейбір зираттарға бағыттаушы тақтайшалар орнатылып, іздеуді жеңілдететін ақпараттық белгілер де қойылды. Мұның барлығы азаматтардың қорым аумағында адаспай, қажет жерге кедергісіз жетуіне септігін тигізеді.
Зират – бұл тек марқұмдарды жерлейтін орын ғана емес, халқымыз үшін киелі рухани мекен. Мұнда келіп, дұға бағыштау, аруаққа тағзым ету – халқымыздың мәдениеті мен дүниетанымының ажырамас бөлігі. Сондықтан мұндай жерлердің тәртіпті, таза әрі абат болуы – қоғамның рухани деңгейін көрсететін маңызды өлшемдердің бірі. Ата-баба аманатын қадірлеу, олардың жатқан орнын таза ұстау – әрбір азаматтың адамдық әрі азаматтық парызы.
Осыған орай, Тұран ауданы әкімдігі мен «Тұран» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр. Рухани құндылықтарды сақтау, тарихи-мәдени нысандардың маңызын арттыру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, қорымдарды күтіп-ұстау мәдениетін қалыптастыру – негізгі басымдықтардың бірі болмақ.

0 пікір