Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы.
Мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына теріс әсер етеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді.
Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңы Сыбайлас жемқорлыққа келесі анықтама береді. Бұл мемлекеттік функцияларды орындайтын адамдардың, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың өзінің лауазымдық өкілеттіктерін және олармен байланысты мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жеке өзі немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңда көзделмеген қабылдауы не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы.
Еліміздің барлық өңірлерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеуді көздейтін Әдеп кеңестері жұмыс атқарады. Олардың басты міндеттерінің қатарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын бұзу профилактикасы бойынша жұмыс қорытындыларын қарау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу нысандары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу арқылы сыбайлас жемқорлықты ескерту мен оның алдын алу кіреді. Бұл бағытта, Әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жыл басынан 17 мыңнан астам азамат пен қызметшіге консультативтік көмек көрсетілді.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына қоластындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін жауаптылық қарастырылған.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Осындай олқылықтардың орнын толықтыру мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Алпысбайұлы мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексінің талаптарын сақтауы мәселелерін қарауды ұйымдастыру бойынша қала әкімі аппаратының жиналысында баяндады. Жиын Түркістан қаласы әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында өтті.
Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Әділдік жоқ жерде жемқорлық белең алады. Шыныда да, біз халыққа дұрыс кеңес беріп, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз.
Жеке бастың қамынан көрі елдік мүддені биік қою адамды абырой биігіне көтерері анық. Қоғамдық санада адамшылық қасиеттер мен ар-ұждан жоғарғы идеалдарға айналғанда ғана әр адам өз басының пайдасын емес, елдің қамын ойлайтын азаматтық сана деңгейіне көтеріледі. Ол үшін рухани-адамшылық құндылықтарды адамның бойына сіңіру мен тұрақтандыруды ерте жастан бастау қажет. Мұны тәрбие, білім беру үрдісімен бірге жүргізу керек. Адалдықты адамшылықтың өлшемі ретінде бойына сіңірген адамдардың мемлекет пен қоғамға тигізер пайдасы қашанда зор. «Адал азамат» болу әр адамның өзі өмір сүріп отырған мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуінен басталады. Жемқорлық – бұл тұтас қоғам болып күресетін дерт. Бұл жалпы азаматтарымыздың, әсіресе мемлекеттік қызметшілердің саналы өзгеруі бағытында жүргізілетін кешенді идеологиялық жұмысты қамтиды.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru