Алматыда өткен әлемдік жұлдыз Канье Уэсттің концерті қалаға шетелдік туристердің айтарлықтай ағынын қалыптастырды. 15 тамызда Орталық стадионда ұйымдастырылған музыкалық кешке 31 мың адам қатысты. Іс-шараға 50-ден астам мемлекеттен шамамен 7700 турист келген. Шетелдік қонақтар қатарында Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Австралия азаматтары болды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шетелден келген көрермендердің қалада бірнеше күн болуы жергілікті қызмет көрсету саласына қосымша серпін берген. Туристер қонақүйлерді, қоғамдық көлікті, мейрамханалар мен басқа да сервистерді пайдаланған. Осы туристік белсенділіктің Алматы экономикасына тигізген жалпы әсері шамамен 5 млрд теңге деп бағаланып отыр. Бұған қонақүй бизнесі, тамақтану орындары, көлік қызметтері және өзге де туристік сервистерден түскен кірістер кіреді.
Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Төксейтованың айтуынша, концертке байланысты 13-16 тамыз аралығында қаладағы орналастыру орындарының орташа жүктемесі 98 пайызға жуықтаған. Бұл кезеңде қонақүйлерге деген сұраныстың айтарлықтай өскенін көрсетеді. Концерт Алматы үшін тағы бір ерекшелігімен есте қалды. Қала Канье Уэсттің халықаралық туры аясындағы Орталық Азиядағы әзірге жалғыз аялдамасы болды. Бұл Алматының ірі халықаралық мәдени іс-шараларды өткізуге деген әлеуетін де көрсетеді.
Музыкалық кештің қауіпсіздігі мен техникалық ұйымдастырылуына 4400-ден астам маман тартылды. Олардың қатарында полиция қызметкерлері, күзетшілер, медицина мамандары, техникалық қызметкерлер және қалалық коммуналдық құрылымдардың өкілдері болды. Мұндай ауқымды халықаралық шаралар тек мәдени өмірге ғана емес, қаланың туристік тартымдылығына және шағын әрі орта бизнеске де әсер етеді. Ірі концерттер шетелдік қонақтарды тарту арқылы Алматының халықаралық туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru