Қарлығаштай қанатымен су сепкен...
Қарлығаштай қанатымен су сепкен...
13.07.2023 17:03
58
0

Айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғамның мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екені жиі байқалады. Тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де ыңғайлы, біртұтас отбасыдай жағдай жасау – біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндет. Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Бұл істе әлеуметтік қызметкердің орны ерекше. Өйткені, олар өз ісінің білгірі ғана емес, жұмысына жан-тәнімен берілген, науқас балалардың шамшырағы деп айтуға болады. Ерекше балалар өмірді ата-анасы арқылы таныса, әлеуметтік қызметкермен қоршаған ортаға үйреніп, бейімделе бастайды.

Қадиша Менбаева 18 жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін балалар үйінде қоғамға бейімдейтін әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №7 үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметкері Қ.Менбаева аптасына алты баланың үйіне барып, 8 бағытта қызмет көрсетеді. Оның ішінде әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, педагогикалық, психологиялық, еңбек, экономикалық, мәдениет және әлеуметтік-құқықтық қызметтері бар. Тарқатып айтқанда, үйде қызмет көрсету жағдайында ерекше балалардың денсаулығына қарай төсектен тұру, киіну және шешіну, жуыну, тамақ пен сусын ішу мәдениеті, дәретхана мен дәрет ыдысын пайдалану, серуенге шығу, сабағын дайындау секілді қызметтерді атқарады.


– Біздің салада білікті болудың өзі аздық етеді. Сабырлы, балалармен тез тіл табысып кете алатын қасиет те ауадай қажет. Өйткені, біз мүмкіндігі шектеулі балаларға 1,5-18 жасқа дейін 8 түрлі әлеуметтік қоғамға баулу қызметін көрсетеміз. Әр баланы жаңадан қабылдап алып, бізге бейімделуіне 2 айға жуық уақыт кетеді. Ерекше балалар сырттан келген адамның барлығын қабылдай бермейді. Кейде «кет» деп айғайлайды, кейде сөйлемей бір бұрышта тұйықталып отырады. Баланың тілін табу үшін барымызды саламыз. Ең алдымен баланың көңіл-күйі өте маңызды. Егер бала көңілді болса, біздің берген барлық тапсырманы оңай меңгеріп, бірлесе көп дүниені үйренеді. Сондықтан бірінші кезекте баланың көңілін аулауға тырысамыз, – дейді Қадиша Мұсылханқызы.
Осы уақыт аралығында мамандар балаларды қоғамға бағыттай отырып, оларға бауыр да басып үлгереді. Балалардың әрбір жетістігін үлкен қуаныш, әр бір үйренгені бақытқа бергісіз жеңіс деп біледі. Оның айтуынша, әр қызмет алушының өзіндік ерекшелігі мен қабілеті бар. Тіпті мүгедек балалардың ойлау қабілеті дені сау баладан да асып түседі екен.


–Әр балаға аптасына екі рет 2 сағаттан қызмет көрсетемін. Кейде баланың көңіл-күйі төмен болса, көңілін аулағанша біршама уақыт кетеді. Мәселен, баланы 4-5 жастан қабылдап алғанымызда, олар әлі жүре алмайтын бейкүнә сәбидей болады. Оларға тәй-тәй басуды, үй жиһаздарын таныстыруды, адамның дене мүшелерін қалай атауды үйретеміз. Педагогикалық қызмет түрінде мектеп мұғалімдері үйіне келіп өткен сабағын дайындап, сурет саламыз. Қол маторикасын дамыту үшін жемістердің суретін саламыз. Жануарлардың суретіне қарай қалай аталатыны, жалпы қоршаған ортамен таныстырамыз. Менің жетекшілігімде осындай 6 бала бар. Оларды 18 жасқа дейін тәрбиелегендіктен өз баламдай болып кетті. Өзім де ана болғандықтан, әр балаға аналық мейіріммен қараймын. Сонда ғана олар қабылдай бастайды, – дейді әлеуметтік қызметкер.


Ерекше балаларды мәдени іс-шараларға баулу ісі де жақсы жолға қойылған. Әр мереке сайын мұндай балаларға демеушілер тарапынан салтанатты дастарқан жайылып, саябақтарда қыдыру ұйымдастырылады.

0 пікір