Республикалық, ақпараттық, қоғамдық, ұлттық портал
ҚМГ БАСШЫСЫ АТЫРАУ МӨЗ-ДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ
ҚМГ БАСШЫСЫ АТЫРАУ МӨЗ-ДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ
15.10.2026 14:40
5
0

    «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік нысандарын аралап, кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалардың барысымен танысты. Сондай-ақ зауыттың экологиялық қызметіне қатысты мәселелер талқыланды.

Өндіріс көрсеткіштері және экологиялық бастамалар

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Атырау МӨЗ-де 4,17 млн тонна шикізат өңделді. Өңдеу тереңдігі 91,1%-ды, ал жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 80,3%-ды құрады.

Кәсіпорында қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2021–2025 жылдары жалпы құны 51,3 млрд теңге болатын сегіз табиғатты қорғау шарасы іске асырылды.

Соның ішінде Tazalyq жобасы аясында механикалық тазарту құрылыстары мен нормативтік деңгейде тазартылған ағынды суларды ағызу каналы жаңғыртылды. Зауыт аумағындағы ашық бассейндер жойылып, булану алаңдарының зауытқа тиесілі бөлігіндегі екі сектор қалпына келтірілді. Нәтижесінде ағынды сулардағы мұнай өнімдерінің концентрациясы 1,3 есеге төмендеді.

Экологиялық тиімділікті арттыруға 174 млрд теңге бағытталады

Атырау МӨЗ-дің экологиялық тиімділігін арттыру бағдарламасы жалпы құны шамамен 174 млрд теңгені құрайтын 18 шараны қамтиды.

Жоспарланған жобалар қатарында технологиялық пештердің жанарғыларын ауыстыру, газды фракциялау қондырғысын жаңғырту, жаңа сорғы станциясы мен алау газдарын қайтару блогын салу, сондай-ақ баяу кокстеу қондырғысында буларды ұстау блогын орнату бар.

Бұл бастамалар ластаушы заттар шығарындыларының көлемін 2020 жылғы шамамен 20,1 мың тоннадан 2030 жылға қарай 12,6 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Жайық өзенінен алынатын тұщы су көлемін жылына 4,5 млн текше метрге дейін қысқарту көзделген.

Көмірсутек шығарындыларын азайту жұмыстары жалғасады

Зауыт резервуарларына понтондар орнату жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2026 жылдың соңына дейін қалқымалы құрылымдар орнатылуы жоспарланған 75 резервуардың 71-ін понтондармен жабдықтау көзделген. Әрбір понтон резервуарлардан бөлінетін көмірсутек шығарындыларын 90%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

2024 жылы ЭЛТҚ АТ-2 қондырғысында басталған жанарғыларды ауыстыру жұмыстары жалғасады. Қараша айында №10 қазандықтың жанарғыларын ауыстыру жоспарланып, кейін бұл жұмыстар өзге өндірістік қондырғыларда да жүргізіледі.

Атмосфералық ауа сапасы тұрақты бақыланады

Атырау МӨЗ-де атмосфералық ауаның жай-күйін бақылайтын автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағында «Перетаска», «Химпоселок», «Мирный» және «Пропарка» экологиялық посттары орналасқан.

Мониторинг нәтижелері әр сағат сайын «Қазгидромет» РМК-ге жіберіліп, кейін «AIR KZ» платформасында жарияланады. 8 қазаннан бастап экологиялық посттардың деректері зауыттың ресми сайтында да қолжетімді болды. Жыл соңына дейін автоматтандырылған бақылау бекеттерін жаңғырту жоспарланған.

Жұмыс кеңесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау, цифрландыру және өндірістің операциялық тиімділігін арттыру мәселелері де қаралды.

Сапар қорытындысында Асхат Хасенов зауыт басшылығына табиғатты қорғау жобаларын белгіленген мерзімде жүзеге асыруды және кәсіпорынның тұрақты, қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

0 пікір