Әйел адамға шашын бояп, қидыруына және қасын жұлуына бола ма?
Әйел адамға шашын бояп, қидыруына және қасын жұлуына бола ма?
26.08.2015 12:40
6246
0
Сұрақ:

Әйел адамға шашын бояп, қидыруына және қасын жұлуына бола ма?

Жауап:

Алла тағала адам баласын сау денелі, көрікті етіп жаратқан. Көркем бейнесіне қандай да бір ақау пайда болса, оның емін қарастырған жөн. Сондай-ақ, ауру немесе денеде бір витаминнің жетіспеуі себепті шашы ерте ағарған кісі шашына қына секілді химиялық қоспалары жоқ күрең түске бояуына рұқсат. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Христиандар мен Яхудилер (шаш, сақалдарын) боямайды. Сендер оларға ұқсамай, керісінше әрекет етіңдер» [1], – деген. Алайда сәләф ғұламалардың кейбірі шашын бояса, кейбірі шашын боямаған. Әрі олар қара түске бояуды жөн көрмеген. Тек Исхақ әйел кісі еріне сұлу көріну үшін шашын қараға бояса болатынын айтқан.

Әйел кісінің шашын еркектер сияқты тақырлап немесе өте қысқартып кестіруі шариғатта тыйым салынған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күнінде Алла назар аудармайтын үш кісі бар. Олар: Ата-ананы құрметтемейтіндер, еркекке ұқсауға тырысатын әйелдер  және өз жарын қызғанбайтын еркектер» - деген[2].  Алайда бір қажеттілік себепті   қысқартуға шариғат рұқсат етеді. Сахих Мүслімде келген риуаятта ардақты Пайғамбарымыздың жұбайлары шаштарын кейде қысқартқаны туралы хадиске түсініктеме берген имам Нәуәуи (р.а.): «Бұл хадис әйелдердің шашын аздап қысқартуына рұқсат екеніне дәлел» [3] деген.

Ал қас жұлу мәселесіне келер болсақ, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жасанды шаш кигендер мен кигізгендер және қастарын жұлғандар мен жұлғызғандар, сондай-ақ денеге сурет салғандар мен салғызғандар Алланың лағынетіне душар болады» [4] - деген.

Ханафи мәзһабы бойынша әйел кісі бөгде ер адамдардың алдында әдемі көріну мақсатында қас, кірпік сияқты бетіндегі түктерді жұлдыруы харам болып саналады. Алайда нәзік жанды әйел заты бетіндегі түктері түрін ұсқынсыз көрсетсе, күйеуі түктерін алуға рұқсат берсе немесе денесіндегі түк ауыртып, зиян беретін болса өзіне ыңғайлы етіп қоюы мүстәхаб [5].

[1] Әл Айни, Ғумдатуль Қари, том 22, бет 51.
[2] Нәсәий, Китабуз Зәкәт, 2562-хадис.
[3] Сахих Муслим, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[4]Бұхари, 6-том, 58-; Мүслим 3-том, 1678-
[5] Хашиятү ибн Ғабидин, 6-том, 373-бет.

0 пікір