Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атом өнеркәсібін дамытуға қатысты тапсырмаларының орындалу барысын талқылаған кеңес өткізді.
Жиын барысында Қазақстанның атом саласын ұзақмерзімді дамытуға бағытталған жұмыстар қаралды. Негізгі назар жаңа уран учаскелерін анықтау, геологиялық барлау көлемін арттыру және минералдық-шикізат базасын кеңейту мәселелеріне аударылды.
Атом саласын дамыту стратегиясы аясында уран қорын толықтыруға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл ретте жаңа перспективалы кен орындарын іздеу және олардың әлеуетін бағалау саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылды.
Кеңесте «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту жөніндегі алдағы жоспарлары да таныстырылды. Компанияның жаңа учаскелерді зерттеу арқылы шикізат базасын нығайту мүмкіндіктері талқыланды.
Олжас Бектенов атом өнеркәсібінің ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, саланың өндірістік әлеуетін күшейту Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жоғары технологиялық бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге уран өндірумен шектелмей, атом өнеркәсібінің барлық тізбегіндегі экономикалық тиімділікті арттыру мәселесіне мән берілді. Жер қойнауын игеру барысында мемлекет үшін қайтарымды көбейту, инвестициялық әлеуетті тиімді пайдалану және саланың технологиялық мүмкіндіктерін кеңейту міндеттері қаралды.
Кеңес қорытындысында жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға атом өнеркәсібін дамыту жөніндегі жұмыстарды жандандыруға бағытталған бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру, минералдық-шикізат базасын нығайту және жаңа өндірістік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану бойынша нақты шараларды пысықтау тапсырылды.
Аталған жұмыстар Қазақстанның атом саласын ұзақмерзімді перспективада дамытуға және оның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға бағытталған.