Қазақстанда кітап оқуды насихаттауға бағытталған «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасының шарттары таныстырылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Құрылтай депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Сергей Пономарев, сондай-ақ кітапхана және креативті индустрия саласының өкілдері қатысты.
Республикалық марафон 1 қыркүйекте басталды. Оның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетке қызығушылықты арттыру және белсенді оқырмандарды анықтау. Былтыр жоба үш өңірде тәжірибелік форматта ұйымдастырылып, оған 190 мыңға жуық адам қатысқан. Биыл бастама еліміздің барлық аймағын қамтып отыр.
Жоба аясында қатысушылар жеті санат бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж білім алушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер мен үш буын өкілдері қатысатын отбасылар бар. Сонымен қатар саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдеріне арналған «Parasat» жеке бағыты қарастырылған. Марафонға қатысу тегін және ерікті түрде жүзеге асырылады.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға отандық және әлем әдебиетінің 345 шығармасын қамтитын арнайы тізім ұсынған. Әрбір үміткер өзінің санатына сәйкес 15 кітап оқып, шығармалардың мазмұны мен идеяларын меңгеруі қажет.
Кітап оқу марафоны 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Жоба еліміздің 195 ауданы мен 87 қаласында өткізіледі. Өңірлік кезеңдердің нәтижесінде шамамен 4 мың жүлдегер анықталып, олардың ішінен 20 өңірден 200 қатысушы республикалық финалға өтеді.
Финалдық кезеңде үміткерлермен сұхбат жүргізіліп, көпшілік алдында сөз сөйлеу қабілеті бағаланады. Сонымен қатар олардың оқыған кітаптарының мазмұнын қаншалықты меңгергені, әдеби шығармаларды талдау деңгейі мен ой-пікірін жеткізе білуі ескеріледі.
Байқаудың қорытындысы бойынша арнайы комиссия 10 үздік оқырманды анықтайды. Жеңімпаздардың әрқайсысына «Жыл оқырманы» атағы беріліп, 10 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2027 жылғы 23 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылатын Республикалық оқырмандар форумы аясында өтеді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru