Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» атты республикалық семинар-кеңесте өңірлердегі автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту мәселелерін қарады.
Көлік министрлігі ұйымдастырған жиынға орталық мемлекеттік органдардың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ жол саласында жұмыс істейтін компаниялар мен ұйымдардың басшылары қатысты. Басқосуда жол құрылысының жекелеген кезеңдерімен қатар, жергілікті жол инфрақұрылымын жоспарлау, жөндеу және күтіп ұстау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Жиында жолдардың сапасына қойылатын талаптарды күшейту және орындалған жұмыстарды бақылауды арттыру қажеттігі айтылды. Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті атқарушы органдарға жөндеу немесе құрылыс жұмыстары аяқталған нысандарды қабылдау кезінде белгіленген техникалық талаптардың толық сақталуына ерекше мән беруді тапсырды.
Оның айтуынша, жолдың сапасына қатысты жауапкершілік жұмысты аяқтаумен шектелмеуі керек. Нысанды пайдалану барысында кемшілік анықталған жағдайда, мердігер компаниялар оны кепілдік міндеттемелері аясында өз қаражаты есебінен жоюы тиіс.
Жиында өңірлердің жол желісін дамыту бойынша орта мерзімді жоспарлау мәселесіне де басымдық берілді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жергілікті жолдардың сапасын жақсартуға бағытталған үш жылдық жоспарларды әзірлеуге тапсырма берілді.
Құжаттар бір апта ішінде дайындалуы қажет. Жоспарға жөндеуді қажет ететін жол учаскелерін анықтау, жобалық құжаттарды әзірлеу, құрылыс және жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, олардың сапасын бақылау, сондай-ақ дайын нысандарды кейінгі күтіп ұстау шаралары енгізіледі.
Осылайша жол саласындағы жұмыстарды тек жекелеген нысандарды жөндеумен шектемей, олардың бүкіл өмірлік циклі бойынша жүйелі түрде жүргізу көзделіп отыр.
Семинар-кеңес қорытындысында республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын жақсартуға, құрылыс сапасын бақылауға және жол инфрақұрылымын тиімді басқаруға бағытталған нақты міндеттер айқындалды.