Қазақстан мен Дүниежүзілік банк ынтымақтастығы жаңа кезеңге қадам басты
Қазақстан мен Дүниежүзілік банк ынтымақтастығы жаңа кезеңге қадам басты
28.09.2026 23:13
99
0

Қазақстан Дүниежүзілік банктің қолдауымен 33 жыл ішінде жалпы құны 8 млрд доллардан асатын 50-ден астам жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі әл-ауқат мәселелері жөніндегі өңірлік директоры Абебе Адугнамен кездесуінде айтылды.
Кездесу барысында тараптар елдегі экономикалық ахуалды, құрылымдық реформалардың басым бағыттарын, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және екіжақты әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Серік Жұманғарин Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында көлік, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, жасыл технологиялар мен цифрландыру салаларында ауқымды жобалар іске асырылған.
Өз кезегінде Абебе Адугна Қазақстандағы экономикалық өсім мен инвестициялық белсенділіктің оң қарқынына назар аударды.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі инфрақұрылымды дамыту және оны қаржыландырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру болды. Дүниежүзілік банк өкілдері инфрақұрылымдық инвестициялар институционалдық және реттеуші реформалармен қатар жүргізілуі қажет екенін атап өтті. Мұндай тәсіл өнімділікті арттырып, инновациялардың дамуына мүмкіндік береді.
Серік Жұманғарин Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамытуда аймақтық байланыстарға ерекше мән беретінін жеткізді. Оның сөзінше, ел ішіндегі автомобиль және теміржол желілерін жетілдірумен қатар, Орталық Азияны өзге өңірлермен байланыстыратын халықаралық бағыттарды дамыту көзделіп отыр.
Министр инфрақұрылымдық жобалардың Қазақстанмен қатар көршілес мемлекеттер үшін де тиімді болуы маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте өңір елдері арасындағы көлік байланысын нығайту мен бірыңғай инфрақұрылымдық жүйені қалыптастыруға басымдық берілмек.
Кездесу қорытындысында Дүниежүзілік банк Қазақстанмен инфрақұрылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бағытындағы жұмысты халықаралық тәжірибе негізінде жалғастыруға дайын екенін растады.

0 пікір