Шымкент қаласындағы Креативті хабта есту қабілеті бұзылған оқушы қыздарға дәстүрлі кілем тоқу өнерінің қыр-сырын танытатын шеберлік сабағы ұйымдастырылды. №1 арнайы мектептің 5–7 сынып оқушылары қатысқан кездесудің мақсаты – ұлттық қолөнерді жас буынға үйрету, шығармашылық қабілеттерін дамыту және халқымыздың мәдени мұрасын насихаттау.
Сабақты кілем тоқу және қолөнер шебері Камила Арманова жүргізді. Ол оқушыларға дәстүрлі тоқымашылықтың бастапқы әдістерін көрсетіп, қажетті материалдарды әзірлеу жолдарын түсіндірді. Шебер алдымен мақта жібінен кілемнің негізін дайындау тәсіліне тоқталды. Сондай-ақ талшықтарды бірнеше қабат етіп иіріп, ұршық арқылы жіп жасау әдісін іс жүзінде көрсетті. Сабаққа оқушылармен бірге көркем еңбек пәнінің мұғалімі де қатысты.
Арнайы мектеп пен Креативті хаб арасындағы шығармашылық байланыс бір жылға жуық уақыттан бері жалғасып келеді. Осы кезеңде оқушылар әр бейсенбі сайын орталыққа барып, тегін шеберлік сабақтарына қатысуда. Бұған дейін олар жүннен киіз басу және эпоксидті шайырмен жұмыс істеу бағыттарын меңгерген. Кілем тоқу сабағы осы тәжірибені толықтырып, қыздарға ұлттық қолөнердің тағы бір түрін үйренуге мүмкіндік берді.
Камила Арманова кілем тоқудың халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен және мәдениетімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс балалардың қол қимылын белсенді дамытып, ұсақ моторикасы мен ойлау қабілетін жетілдіруге көмектеседі. Шебер оқушылардың тапсырмаларды ықыласпен орындап, жаңа өнер түріне қызығушылық танытқанына қуанышты екенін жеткізді.
Айта кетейік, Камила Арманова мамандығы бойынша есепші болғанымен, қолөнерге деген ықыласы бала кезінен қалыптасқан. Ол кілем тоқуға анасы мен әжесінің жанында жүріп қызығып, кейін осы өнерге қайта оралған. Зейнетке шыққан соң сүйікті ісін жалғастырып, Креативті хабта және онлайн форматта сабақ бере бастаған. Бүгінде ол жинаған тәжірибесін өзгелермен бөлісіп, дәстүрлі шеберліктің кейінгі буынға жетуіне үлес қосып жүр.
Шеберлік сабақтарында үйренген тәсілдер оқушылардың мектептегі көркем еңбек сабақтарында да қолданылады. Қыздар алған білімдерін бекітіп, түрлі пішіндермен тәжірибе жасап, өз бұйымдарын әзірлеуде. Бұл олардың жаңа дағдыларды күнделікті шығармашылық жұмыста пайдалануына жол ашады.
Желтоқсан айында оқушылардың қолынан шыққан туындыларды Креативті хабта өтетін көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсыну жоспарланған. Бұл шара балалардың еңбегін таныстырып, шығармашылық жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік береді.
Ұлттық қолөнерді үйрету – мәдени мұраны сақтаумен қатар, әр баланың бойындағы қабілетті дамытуға бағытталған маңызды жұмыс. Осындай сабақтар арқылы жас ұрпақ дәстүрлі өнердің мәнін танып, халқымыздың қолөнер мектебіне деген құрметін қалыптастырады.