Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен кездесті. Кездесу барысында елдегі қылмыстық ахуал, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Министр Президентке ішкі істер органдарының биылғы тоғыз айда атқарған жұмысы туралы есеп берді. Оның айтуынша, осы кезеңде ел бойынша тіркелген қылмыс саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15 пайызға азайған. Жалпы қылмыс саны 11 мыңнан астам фактіге төмендеген.
Құқық қорғау органдарының мәліметіне сәйкес, аса ауыр қылмыстардың, сондай-ақ көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтардың саны кеміген. Отбасылық-тұрмыстық саладағы, кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталған азаматтар арасындағы қылмыс көрсеткіштері де төмендеген.
Қылмыстарды ашу барысында заманауи криминалистикалық технологиялар белсенді пайдаланылып келеді. Соның ішінде ДНҚ сараптамалары бұрын жасалған қылмыстарға қатысы болуы мүмкін адамдарды анықтауға мүмкіндік берген. Өткен жылдары жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыстың ашылғаны айтылды.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға тұрғындардың қатысуы да артып отыр. Жыл басынан бері азаматтар, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер ұсынған ақпараттың негізінде 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған.
Халықаралық құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде іздеуде жүрген 1039 адам анықталған. Оның ішінде шетелде жасырынған 154 адам ұсталды. Бұдан бөлек, шет мемлекеттердің сұрауы негізінде Қазақстан аумағында 537 қылмыскер қолға түскен.
Кездесу барысында қылмыстық істерден келтірілген залалды өтеу мәселесі де қозғалды. Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан істер бойынша 49 миллиард теңге қайтарылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға жоғары.
Интернеттегі алаяқтықпен күрес бойынша да нәтижелер бар. Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтарға 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Мұндай қылмыстардың саны 21 пайызға азайған. Сонымен қатар 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайт бұғатталып, 187 миллион алаяқтық қоңыраудың жолы кесілген.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін цифрлық технологияларды пайдалану жұмыстары жалғасып жатыр. Бейнебақылау жүйелері арқылы 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.
Жол қауіпсіздігі саласында да цифрлық бақылау құралдарының тиімділігі байқалады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 5 пайызға азайған. Жол апаттарынан қаза болғандар саны 16 пайызға, ал жарақат алғандар 7 пайызға төмендеген.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу жұмыстарын одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.