Түркістан облысында білім сапасын арттыру шаралары талқыланды
Түркістан облысында білім сапасын арттыру шаралары талқыланды
28.09.2026 23:05
100
0

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевпен кездесіп, өңірдегі білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін талқылады. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов пен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Камилла Ауанасова қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясында өңірдегі білім сапасына қатысты берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Әсіресе мектептердегі оқу көрсеткіштерін жақсарту, білім алушылардың үлгеріміндегі айырмашылықтарды қысқарту және оқушылардың білім деңгейін көтеру мәселелеріне назар аударылды.
Облыстық білім басқармасы мектептердің қазіргі жағдайы мен оқу жетістіктерін жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының нәтижелері сараланып, үлгерім көрсеткіштері төмен мектептердегі жағдайды түзету жолдары қарастырылды.
Талқылау барысында мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету және оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту мәселелері көтерілді. Сондай-ақ пәндерді меңгеру деңгейін жақсарту мен білім сапасына ықпал ететін факторларды жүйелі түрде шешу қажеттігі айтылды.
Кездесу нәтижесінде министрлік пен облыс әкімдігі білім беру саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге уағдаласты. Алдағы уақытта анықталған мәселелерді шешуге бағытталған нақты шаралар әзірленіп, олардың жүзеге асырылуы тұрақты бақылауға алынбақ.
Өңірде білім сапасын жақсарту, мектептер арасындағы нәтижелер алшақтығын азайту және әрбір оқушының сапалы білім алуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасады.

0 пікір