Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі 21–23 шілде күндері Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында ұйымдастырылған Дүниежүзілік интернет-конференция аясындағы Цифрлық Жібек жолын дамыту форумына қатысты.
Форум бағдарламасы аясында «Инклюзивті дамуды ілгерілету және цифрлық әрі зияткерлік инновациялардың артықшылықтарын бірлесіп пайдалану» тақырыбында жоғары деңгейдегі кездесу ұйымдастырылды. Жиынға бірқатар мемлекеттердің мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.
ОКҚ директорының орынбасары Дмитрий Голобурда өз сөзінде Қазақстанның инклюзивті цифрлық дамуды қамтамасыз ету бағытындағы негізгі тәсілдерін таныстырды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және цифрлық трансформация саласындағы реформаларға негізделген.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі дербес деректерін қорғау құқығы заңнамалық тұрғыда бекітілгені атап өтілді. Бұл қадам Қазақстанның қауіпсіз, сенімді және адам мүддесіне бағытталған цифрлық дамуды қолдайтынын көрсетеді.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында инклюзивтілік, өзара сенім қағидаттары және осы бағыттар бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға ерекше мән берілді.
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан цифрлық даму бағытындағы бастамалар форум қатысушылары тарапынан оң бағаланып, қолдау тапты.
Дүниежүзілік интернет-конференцияға қатысу Қазақстанның цифрлық даму саласындағы заманауи бастамалары мен тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл еліміздің цифрлық технологиялар бағытында өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және кеңейтуге мүдделі екенін көрсетті.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru