Қазақстан экономикасы жеті айда сыртқы сын-қатерлерге қарамастан тұрақты өсім көрсетті
Қазақстан экономикасы жеті айда сыртқы сын-қатерлерге қарамастан тұрақты өсім көрсетті
11.08.2026 08:53
48
0

  Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар–шілде айларында Қазақстан экономикасының өсімі 4,1% болды. Бұл көрсеткіш бірінші жартыжылдықтағы деңгеймен бірдей.

Мұнай өндіру көлемінің 8,9%-ға төмендеп, 53,2 млн тоннаны құрауына және әлемдік нарықтағы құбылмалылыққа қарамастан, экономикалық өсімнің тұрақты динамикасы сақталды.

Өсімнің негізгі драйвері – шикізаттық емес сектор. Ұлттық экономика министрлігінің есептеуінше, биылғы жеті айда бұл сектордың өсімі 5,4%-ды құрады.

Экономиканың жетекші бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібі. Саладағы өсім 9,0% болды. Оның ішінде машина жасау 22%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 13,9%-ға, химия өнеркәсібі 26,9%-ға, фармацевтика 38,5%-ға, құрылыс материалдарын өндіру 9,4%-ға, ал дайын металл бұйымдарын өндіру 35%-ға өсті.

Сонымен қатар, құрылыс саласында 15,3%, көлік және қойма шаруашылығында 7,4%, саудада 5,9%, ауыл шаруашылығында 5%, байланыс саласында 4,3% өсім тіркелді.

Бұған дейін Қазақстан экономикасының өсім қарқыны шикізат секторының динамикасына едәуір тәуелді болатын. Өндіру көлемінің төмендеуі экономикалық өсімді тежесе, оның артуы ЖІӨ өсімінің жеделдеуіне ықпал етті.

Соңғы жылдары экономиканы әртараптандыруға бағытталған жүйелі шаралардың нәтижесінде мұнай секторының ЖІӨ-дегі рөлі біртіндеп төмендеп келеді. Өнеркәсіптік әлеуетті күшейту, даму институттарының рөлін арттыру, транзиттік, автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамыту, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ шикізаттық емес салаларға инвестиция тарту осы үдерістің негізгі бағыттарына айналды.

Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудің ЖІӨ құрылымындағы үлесі 7,8%-ға дейін төмендеді. Бұл Қазақстан экономикасының сыртқы шикізат факторларына тәуелділігін азайтып, тұрақты әрі әртараптандырылған өсімге негіз қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

0 комментариев