2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі 1,9%-ға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
«6 айдың қорытындысы бойынша 63,4 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9% құрады. Осы жылға арналған болжам – 126,5 млрд кВтсағ. Электр энергиясының тапшылығын азайту үшін, осы жылы шамамен 2,66 ГВт энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарлануда. Бұл Алматы қаласындағы екінші және үшінші жылу электр орталығының жаңғыртылуы, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы, Атырау жылу электр орталығында №11 турбиналық агрегатын және №15 қазандығын іске қосу, Текелі энергокешенінде 3 қазан-пайдалану қазандығын және генератормен бу турбинасын енгізу, сондай-ақ жиынтық қуаты 245,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің нысандары», — деді министр.
Министрдің айтуынша, биыл Қызылорда облысында қуаты 240 МВт газ турбиналы қондырғы пайдалануға берілді. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері саласында жалпы қуаты 212,6 МВт болатын жеті жоба іске қосылды.
Нәтижесінде жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,2%-ға өсіп, 5,1 млрд кВтсағатқа жетті.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru