Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қазақстанда алғаш рет «Цифрлық кодекс» пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң қабылданды. Аталған құжаттар елдегі цифрлық инфрақұрылымды және азаматтардың жеке деректерін қорғауға арналған бірыңғай құқықтық тетікті қалыптастырады. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес, жұмыс берушілер мен қызметкерлер киберқауіпсіздік талаптарын міндетті түрде сақтауы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен аса маңызды нысандар қызметкерлеріне киберқауіпсіздік бағытында жыл сайын оқыту өткізу, сондай-ақ цифрлық жүйелерге тұрақты аудит жүргізу талаптары енгізіледі.
Вице-министрдің айтуынша, цифрлық объектілер иелеріне жүйелердің киберқауіпсіздік деңгейін бағалау мақсатында жыл сайын аудит жүргізу міндеті жүктеледі. Бұл талап цифрлық инфрақұрылымды ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғау деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ аса маңызды цифрлық объектілер жыл сайын Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитетке жүргізілген киберқауіпсіздік аудитінің нәтижелері туралы есеп беруге міндеттеледі. Бұған дейін мұндай талап заңнамада қарастырылмаған болатын.
Сонымен бірге аса маңызды цифрлық объектілер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауына беріледі. Бұл шаралар олардың тұрақтылығын арттырып, цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru