Түркістан қаласындағы С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатында қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті.
Жиында мектеп директоры Гүлжан Мұратова 2024 жылы білім сапасын арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, ерте жүктіліктің және суицидтің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, мектептегі тәртіпке байланысты қиындықтар мен оларды шешу жолдары да сөз болды.
Комиссия төрағасы, қала әкімінің орынбасары М.Қырықбаев оқушылар тәрбиесі мен ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы өзара байланыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта мектеп жатақханасында жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары жайлы ақпарат берді.
Бүгінде мектепте полиция есебінде тұрған оқушылар жоқ, алайда мектепішілік есепте 5 бала тіркелген. Сонымен қатар, 18 отбасының балалары тәуекел тобына енген. Осыған байланысты алдағы уақытта алдын алу шаралары күшейтілетін болады.
Қала әкімдігі мен білім беру мекемелері балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды көздеп отыр.