Түркістанда «Қолөнершілер қалашығы» ашылады
Түркістанда «Қолөнершілер қалашығы» ашылады
10.02.2025 09:25
89
0

Түркістанда ұлттық мәдениетті дәріптеп, туристік әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа нысан бой көтеруде. «Керуен сарай» кешені маңынан орын тепкен «Қолөнершілер қалашығы» ұлттық қолөнерді жаңғыртып, шеберлердің еңбегін насихаттайтын орталыққа айналмақ. Жоба 2023 жылы «Sun Holiday» ЖШС бастамасымен қолға алынып, құрылыс жұмыстарын «Pana Qurylys Group» ЖШС жүзеге асыруда. Жалпы аумағы 2,3 гектарды құрайтын кешеннің 1,5 гектарында құрылыс жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, нысан 2025 жылдың наурыз айында толық пайдалануға беріледі.

Дәстүр мен туризм тоғысқан жаңа орталық

«Қолөнершілер қалашығы» – тек ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттау алаңы ғана емес, сонымен бірге туристер үшін тартымды жаңа нысан. Кешен сегіз негізгі бөліктен тұрады:

  • Шеберханалар (20) – шеберлер өз бұйымдарын жасап, келушілерге шеберлік сабақтарын өткізетін орындар.

  • Шоурумдар (2) – ұлттық қолөнер туындылары қойылатын арнайы көрме алаңдары.

  • Көрме залы – дәстүрлі қолөнер үлгілері мен тарихи жәдігерлерді тамашалауға арналған кеңістік.

  • Мейрамханалар (3) – қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылатын орындар.

  • Қонақ үй – үш қабатты, жоғары санатты заманауи кешен.

  • Шығыс базары – ұлттық нақыштағы сауда алаңы, қолөнершілердің туындылары сатылатын орын.

  • Орталық алаң – түрлі мәдени шаралар өтетін, субұрқақтармен безендірілген кеңістік.

  • Шатырлы террассалар – туристер мен қала қонақтарына арналған демалыс аймағы.

Ұлттық өнерді дамытуға серпін

Түркістанда ұлттық өнерді дамыту бағытында түрлі бастамалар жүзеге асуда. Соның бірі – он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан Балалар қолөнер мектебі. Мұнда ағаш өңдеу, зергерлік, керамика мен мүсін, тоқыма және гобелен, тігін және дизайн, былғары бұйымдар жасау, сурет және кескіндеме бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Бұл мектеп көптеген талантты жастардың шығармашылық қабілетін дамытып, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беруде.

Жаңа «Қолөнершілер қалашығы» ұлттық мәдениетті жаңғыртып қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді. Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі қолөнерін заман талабына сай дамыту, жергілікті шеберлердің еңбегін кеңінен таныстыру және Түркістанды туристер үшін одан әрі қызықты мекенге айналдыру.

 

0 комментариев