Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Басқосуда тұрғын үй мәселелері, құрылыс сапасы және орындаушылық тәртіпке қатысты өзекті мәселелер кеңінен қаралды.
Алғашқы болып сөз алған Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев арендалық тұрғын үйлерді жекешелендіру және тұрғын үй кезегі жөнінде баяндады. Бүгінде Түркістан қаласында 16 579 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұр. Жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 3026 азамат кезектен шығарылған. Соңғы үш жылда 7136 адам кезекке тіркелсе, 3686 азамат түрлі себептермен кезектен алынған.
Биыл 21 қаңтардан бастап тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысты жаңа заң күшіне енді. Осыған сәйкес, белгілі бір санаттағы азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын баспананы өтеусіз меншігіне ала алады.
Кеңесте көпқабатты тұрғын үйлерді басқару мәселесі де кеңінен талқыланды. Басқарушы компаниялар мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты реттеу, тұрғын үйлердің техникалық жағдайын бақылау және жөндеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Мәжілісте құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жарасов әкімшілік-іскерлік орталықтағы көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі жөнінде баяндама жасады. Ол құрылыс сапасын жақсарту, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау және инфрақұрылымдық түйткілдерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының сапасына баса назар аудару қажеттігін қадап айтты.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – орындаушылық тәртіп болды. Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Ердәулет Төрехан мемлекеттік органдардағы тәртіп, тапсырмалардың мерзімінде орындалуы және құжат айналымын бақылау шаралары туралы баяндама жасады.
Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.