БЕРЕКЕ БАСТАУЫ - БЕЙБІТШІЛІК
Халық он екі айдың сұлтаны Рамазанды – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай деп біледі.
Осыған байланысты Шымкент қаласындағы «Elegant» тойханасында ҚР Президенті атынан ауызашар берілді. Оған қаланың ардагерлер, зиялы қауымынан бөлек еңбек адамдары, көп балалы аналар, ҮЕҰ өкілдері, ҚХА өкілдері, мүмкіндігі шектеулі жандар және белсенді жастар өкілдері қатысты. Құран оқылып, асқа бата берілгеннен кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сөз сөйледі. Рамазан айының қадірі мен қасиеті жайлы айта келіп, әлемде тыныштық болуын, дәл қазір Қазақстанға бейбітшілік пен татулық, бірлік аса қажет екенін, Мемлекет Басшысының Үкіметті осы мақсатқа жұмылдырып отырғанын тілге тиек ете отырып, ораза ұстаған ағайынға сәлемін жеткізді. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев пен Бекет Тұрғараевта ел бірлігі туралы ойларын жұптады. Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Әбдірахманов Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) ораза туралы: «Кімде-кім Рамазан айында Жаратқаннан рақымшылық күту үшін үміт пен сеніммен ораза ұстайтын болса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген сөзін айта келіп, ел аузындағы дінге байланысты қате түсініктерге түсініктеме берді.
- Мемлекет басшысының қасиетті рамазан айында берген ауызашарына қатысып, Президентіміздің дастарханынан дәм таттық,-деді көп абалалы ана Әнипа Ысқақова. Үлгілі отбасының бүгінде 21 немересі, 10 шөбересі бар.
Алладан елімізге тыныштық пен бейбітшілік тілеген әже Мемлекет Басшысына «халықтың алғысына бөлене берсін» деген ақжарма тілегін жеткізді.
15-наурыз - Қайырымдылық күні. Ауыз ашарға қатысқан ағайындар халық әндерін тыңдап, жандары жадырап қайтты.
БЕРЕКЕ БАСТАУЫ - БЕЙБІТШІЛІК