20 маусымда еліміздің барлық жоғары оқу орындарында қабылдау комиссияларының жұмысы басталады. ҰБТ тапсырып, мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуды жоспарламайтын талапкерлер 20 маусымнан бастап өздері таңдаған жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін құжаттарын тапсыра алады.
Мемлекеттік білім беру грантын алуға үміткер талапкерлер үшін гранттар конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Осы кезеңде талапкерлер өздері оқуға түскісі келетін білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарын таңдай алады.
Мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуға өтініштер талапкер таңдаған жоғары оқу орнына қарамастан кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Талапкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында өтініштерді жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы және eGov электрондық үкімет порталы арқылы онлайн форматта тапсыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа жоо-ларға 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл. Бұл ретте «Қазақстан тарихы» және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет. Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алады.
Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімі 2026 жылғы 10 тамызға дейін жарияланады.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 2026 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru