Адал кәсіпкердің жерін қорғау – әділеттілік талабы
Адал кәсіпкердің жерін қорғау – әділеттілік талабы
03.07.2025 17:33
24
0

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты даулар қалай шешіліп жатыр?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы заңсыз табысталып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару қажет екенін, ал адал еңбек етіп отырған кәсіпкерлерге кедергі келтірмеу қажеттігін атап өтті. Бұл – әділетті Қазақстанды құру жолындағы нақты қадамдардың бірі.

Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл бағытта әлі де түйткілді мәселелер жетерлік. Түркістан облысында соңғы айларда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты сот даулары көбейген. Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінген кәсіпкерлер жер ресурстарын басқару департаменті мен әкімдіктердің «Арнайы комиссия» жұмысын айналып өтіп, бірден сотқа талап арыз беріп жатқанын айтып, дабыл қақты.

2025 жылдың басынан бері Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты 133 талап арыз берілген. Оның 87-сі бойынша сот шешімі қабылданып қойған. Бірақ бұл талап арыздар «Арнайы комиссияның» қарауынсыз берілген.

– Мұндай тәжірибе кәсіпкерлердің заңды мүддесіне кері әсер етуде. Кәсіпкер жер телімін мақсатты пайдаланып, ауылды көркейтіп, адамдарға жұмыс беріп отыр. Ал сот шешімімен жерінен айырылса, ол банкротқа ұшырайды, – дейді Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Каримбаев.

Даулы жер телімдерін талқылау және олардың нақты қалай пайдаланылып жатқанын анықтау үшін ҚР Бас прокуратурасының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен өңірлерде арнайы комиссиялар құрылған. Түркістан облысында мұндай комиссия облыс әкімінің өкімімен 2024 жылдың соңында құрылып, биылдан бастап жұмысын бастады.

Комиссия жұмысы бес кезеңнен тұрады:

1.Заңсыз берілген жерлер анықталып, олардың тізімі жасалады;

2.Аудан әкімдіктері сол жерлердің нақты қалай пайдаланылып жатқанын тексереді;

3.Комиссия отырысында жинақталған мәліметтер қаралады;

4.Жер пайдаланушылар мақсатты және мақсатсыз пайдаланушылар тізіміне бөлінеді;

5.Осы шешім негізінде сотқа талап арыз беру не тоқтату туралы шешім қабылданады.

2025 жылғы 26 маусымда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Н.Тұрашбековтің төрағалығымен өткен алғашқы отырыста 21 шаруа қожалықтың мәселесі қаралды. Оның 13-і адал пайдаланушылар деп танылып, қорғауға алынды. 3 кәсіпкердің жерді мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталып, олар бойынша сотқа арыз беру жалғасатын болды. 5 кәсіпкердің жағдайы қосымша зерттеуді қажет ететіні туралы шешім қабылданды.

«Атамекен» ҰКП қазіргі таңда сот шешімімен жерінен айырылып, алайда ол жерді бұрыннан мақсатты пайдаланып келген кәсіпкерлердің мәселесін де көтеріп отыр. Бұл ретте Палата конкурс арқылы қайтарылатын жерлерде «бастапқы иеленушіге» артық балл беру тетігін енгізуді ұсынуда. Бұл әділеттілік пен қолдаудың нақты көрінісі болмақ.

Бизнес – ел экономикасының негізгі тірегі. Ауылдағы кәсіпкер тек өз отбасының емес, тұтас елді мекеннің әл-ауқатына жауапты. Сондықтан жерді адал пайдаланып отырған кәсіпкердің құқығын қорғау – тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар міндет. Арнайы комиссиялардың жұмысы осы бағыттағы маңызды құралға айналып отыр. Ең бастысы – заңдылықты сақтау және кәсіпкердің еңбегін бағалау.

0 пікір