ӘЙЕЛДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУ ҮШІН ЖАРАЛҒАН
ӘЙЕЛДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУ ҮШІН ЖАРАЛҒАН
24.06.2024 15:41
100
0

“Бақытты әйел” Осындай атаумен Түркістан қаласында нәзікжандыларға арналған семинар- тренинг өтті. Шараға 130 - ға жуық әйел қатысты. Аталмыш алқалы жиын Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және “Бақытты әйел” қоғамдық қорының ұйытқы болуымен іске асуда. Мақсат - әйелдер қауымына жайлы орта қалыптастырып, бақытқа кенелуіне жол сілтеу.  Мұнда психолог, теолог, заңгер, тәрбие және отбасы ісі жөніндегі мамандар әйелдердің мүддесін қорғайды. Оларға кәсіби тұрғыда кеңес беріп, күйзеліске түспей, жетістікке жетуге баулиды.

Назипа Мамыкова, “Бақытты әйел” қоғамдық қорының Президенті:

Алғашқы жиыннан-ақ, әйелдердің ыстық ықыласына бөленеміз деп ойламадық. Тіпті, өзіміздің есебімізден де көп әйел келіпті. Менің түсінгенім, қазір қоғамға мейірім, жылулық, бір-бірін тыңдап, түсінісу жетіспейді екен. Әйелдердің басым бөлігінің мәселесі осы түсіністіктің жоқтығынан, ортақ мәмілеге келе алмауынан орын алып жатыр. Шара барысында екі сағаттан аса әйелдердің бір сәт болсын күйбең тіршіліктен алыстап, ойының тазаруына үлес қосқанымызға қуаныштымыз.

Несібелі Хайруллаева, Түркістан қаласының тұрғыны:

Түркістан қаласының қыз-келіншектерінің көкірек көзін ашып, санасын сілкінткен үлкен семинарға қатысқаныма өте  қуаныштымын. Шынында біз осындай рухани кештерге шөлдеп қалған едік. Екі сағаттан аса уақытымыз қалай көзді ашып жұмғандай өткенін байқамай қалдық. Осы уақыттың ішінде жыладық та, күлдік те, ойын ойнадық. Пайдалы ақпараттарға қанық болдық. Өзіміздің күнделікті өмірде байқамай жіберетін қателіктерді әдемі жеткізе білді. Соңында керемет кітап және «Бақытты әйел» қоғамдық қоры ұсынған сыйлықты алып қайтып бара жатырмыз. Осындай жиындар тағы көп болса екен. Пайдасы ұшан-теңіз. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін.

 

Семинарға Түркістан қаласына қарасты 500 әйелді қамту жоспарлануда. Іс-шара бір айға дейін жалғасады. Жоба аясында әйел және отбасы бақыты жайында қысқа метражды фильм түсірілді. Туындыны тамашалаған әйел қауымының арасынан күнделікті күйбең тіршіліктен қажығандары тіпті көз жасына ерік берді. Бұдан бөлек, «Бақытты әйел болудың бағдаршамы» атты кітап басылып шығарылды. Сыясы кеппеген оқулықтың негізгі идеясы тағдыр тақыметін тартып, мойымай жетістікке жеткен әйел жайлы. Және қазақтың ұлттық құндылығын ұлықтау арқылы әйелдің әсем бейнесін айшықтау. Бұдан бөлек, психологиялық, құқықтық ақпараттар мен пайдалы танымдық кеңестер қамтылған. Шара барысында кітапқа әйелдердің қызығушылығы артып, тегін үлестірілді. Семинардан әр әйел өмірлік азық болар пайдалы ақпарат, сый-сыяпат және көтеріңкі көңіл-күймен тарқады.

 

0 пікір