
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аna tili» газетіне берген сұқбатында «2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы халықтарымыздың достығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарады. Соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс айтарлықтай артты. 2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты. Елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде маңызды рөл атқарады. Біз энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты күшейтуді көздеп отырмыз. Еліміз түрік халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді» – деп, Түркі мемлекеттерімен арадағы байланыста Түркістанның орнын, маңызын ерекше атап өткені белгілі. Түркістан – қазақтың ғана емес, түрік әлемінің рухани астанасы. Қасиет пен құт қонған мекен. Түркістан облысы республикада халқы ең көп, тұрғындары ең тығыз қоныстанған өңір. Ірі аграрлы аймақ. Құрылғанына биыл жеті жылдан асқан Түркістан облысы экономикасын қалай тіктеп жатыр, өндіріс қаншалықты өркендеуде? Қандай бастамалар бар, әлеуметтік салада қордаланған проблемалар қалай шешілуде? Түркістан қаласын туризмнің астанасы ету үшін не істеліп жатыр? Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Аna tili» басылымына берген сұқбатында осы сұрақтарға кеңінен жауап берді.
Нұралхан КӨШЕРОВ, Түркістан облысының әкімі:
Нұралхан Көшеров еліміздегі өңір басшыларының ішіндегі ең жасы саналады. Ол жас та болса іскерлігімен танылған. Облыс басшылығына келгенге дейін барлық баспалдақтан өткен. Әсіресе, экономика саласында жинаған тәжірибесі мол.
Жасыратыны жоқ, бүгінде әкімдердің жұмысын бағалаудың көптеген әдіс-тәсілі, жүйесі бар. Шенеуніктің іскерлігін біреулер әлеуметтік желідегі белсенділігімен, біреулер көпшілік алдында сөйлеген сөздерімен бағалап жүргені рас. Сұқбат барысында облыс басшысына:
– «Түркістан облысының соңғы бір жылдағы ең айтулы үш жетістігі ретінде қандай жобаларды немесе табыстарды айтар едіңіз?» деген сауалды көлденең тарттық. Облыс басшысы үш емес, бес жетістікті тізіп берді.
– Облысымыз аграрлы өңір болғандықтан бірінші кезекте мақта-тоқыма саласында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенін» атап өткім келеді. Бұл жоба тек шитті мақтаны өңдеп қоймай, дайын мата бұйымдарын шығаратын толыққанды өндіріс. Өңірімізде алғаш рет іске асып жатқан жоба. Екінші жоба ретінде жүгері дәнін терең өңдейтін «Қазкрахмал сірне зауыты» жобасы. Бұл өндіріс терең өңдеу нәтижесінде жүгеріден 26 түрлі өнім шығарып, экспортқа бағыттауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, спорт саласында елімізде жоқ, заманауи талаптарға сәйкес және халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әмбебап
«Ескек есу каналы» жобасы деп айтар едім. Төртінші – білім саласындағы «Woosong University Kazakhstan» жобасы. Бұл оқу орны халықаралық деңгейдегі IT мамандарын дайындайтын болады. Оқу үдерісін Оңтүстік Кореядан келген мамандар жүргізеді. Биыл алғаш рет облыс әкімдігінің 100 арнайы гранты бөлінді. Алдағы уақытта 2 000-ға жуық студент қабылдайды. Бесінші жобаға туризм саласы бойынша «Қолөнершілер орталығын» айтар едім. Орталықта ұлттық қолөнершілер кәсібі жаңғырып, көне түрік бұйымдары ұсынылады. Туристер баратын жаңа туристік нүкте болатына кәміл сенемін, – деді облыс басшысы.
Судың соңында отырған Түркістан өңірінің диқаны ағын судың тапшылығын жылда тартады. Ал халқы ең көп облыста ауыз судың мәселесін Президент тапсырмасына сәйкес биылдың өзінде 100 пайыз шешу оңай емес. Оның ішінде Шардара қаласын ауыз сумен қамтамасыз етудің өте өзекті проблемаға айналғалы қашан. Қала тұрғындарына тіршілік нәрі су қоймасынан беріледі. Биыл шіліңгір шілдеде Шардара су қоймасындағы су бұрын-соңды болмаған деңгейге түсіп кетті. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін не істеу керек?
Нұралхан Оралбайұлының айтуынша, облыстағы ағын судың 70 пайызға жуығы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Бұл – Сырдария өзені, Достық, Зах, Ханым және Келес магистралды каналдары. Трансшекаралық өзенді қабылдайтын ірі нысан – Шардара су қоймасы. Жалпы сыйымдылығы – 5,2 млрд текше метр. Алайда, биыл жауын-шашын аз болып, құрғақ климат болуына байланысты толуы 295 млн текше метрді құрады. Дегенмен, жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде, көршілес Өзбекстан мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп, вегетациялық кезеңде диқандар қажетті сумен қамтамасыз етілді.
Жалпы мамандардың пайымына қарағанда, жыл сайын ағын су тапшылығы өзекті бола береді. Осыған орай, бұл мәселені шешу үшін кешенді жоспар қабылданып отыр. Бірінші кезекте тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру қажет. Ал, енді Шардара қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі алдағы 2-3 жыл көлемінде толық шешіледі деген жоспар бар. Қазір қалада 32 мың халық тұрады. 85 көпқабатты (1 687 пәтер) және 4 833 жеке тұрғын үй орналасқан. Биыл жазда қоймадағы су мөлшерінің күрт төмендеп кетуіне байланысты жедел іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Понтон жеткізіліп, насостар орнатылып, тәулігіне қосымша 12 000–13 000 текше метр су жеткізілді. 2 ұңғыма бұрғыланып, тәулігіне 3 000 текше метр су шығарылды. 85 көпқабатты тұрғын үйлер аумағына сыйымдылығы
500 текше метрлі 25 дана су ыдыстары орнатылды. «Өтеғұл» ұңғымасынан су тасымалдау үшін 8 көлік қойылды. Суды тәулік бойы тасымалдау ұйымдастырылып, кезекшілікке жауаптылар бекітілді.
– Шардара қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешу үшін Тама-Тастанбек жерасты су қорынан құбырмен су тартуға жоба әзірленді. Су қоры жеткілікті, тәулігіне 49,2 мың текше метр.
Жобаның жалпы құны 20,8 млрд теңгені құрайды. 2025 жылға 8,9 млрд теңге бөлінді. Қалған қаржысын келесі жылдары қарастырып, 2027 жылы пайдалануға тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді өңір басшысы.
Сұқбат барысында Нұралхан Көшеров жалпы облыстағы ауыз судың қазіргі ахуалына кеңірек тоқталды. Былтырғы жылдың қорытындысымен 30 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры тартылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйесі жаңартылды. Қамту деңгейі 95 пайызға жеткен. Биыл су құбыры мүлде болмаған 30 елді мекенге су кіргізіп, 11 елді мекеннің тозығы жеткен құбырлары реконструкциядан өтеді. Нәтижесінде, облыстың барлық 801 елді мекені ауыз сумен толық қамтылады. Дегенмен, өңірде ауыз суды кестемен тұтынатын 192 елді мекен бар. Оның басым көпшілігі Келес және Сарыағаш аудандарында. Мәселені шешу үшін бірнеше маңызды жоба әзірленді. Келес ауданында «Ащынау-Алпамыс батыр» каналы арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы дайындалып жатыр. Нәтижесінде, 38 мың тұрғыны бар 8 елді мекен ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіледі.
Облыс басшысы Өзбекстанмен шекарада жатқан Өгем өзенінің суын кәдеге асыру жобасын да атап өтті. Бұл сонау сексенінші жылдары Асанбай Асқаровтың кезінде қолға алынған жоба.
– Өгем өзенінде СЭС каскады бар топтық су құбыры жобасы еліміздің стратегиялық су нысандары тізбесіне енгізілді. Өгем трансшекаралық өзенінен секундына 3-3,5 текше метр лимит суды тұтыну бойынша Өзбекстан Республикасымен үкіметаралық келісім жасалды. Жалпы құны 396 млрд теңге тұратын жоба екі кезектен тұрады. Су ресурстары және ирригация министрлігімен жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен іске асыру жөнінде келісімге қол қойылды. Жоба Ұлттық табиғи парк аумағында іске асырылатындықтан, оның қоршаған ортаға әсері жөнінде ЮНЕСКО сарапшыларымен тиісті жұмыстар жүргізілді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігімен жер санатын ауыстыру бойынша Үкімет қаулы жобасы әзірленді. Жеке инвестор тарапынан жобаны 2027–2028 жылдары іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы 1 миллионға жуық халық толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Нұралхан Оралбайұлы жалпы облыс экономикасына қатысты, оның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, өңірлік экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баян өтті.
– Президентіміз 2025 жылы жалпы экономиканың 7 пайыз өсімін қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Осы межеге жету жолында Түркістан облысы айтарлықтай ілгері қадам жасап келеді. Өткен жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 4,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 110 пайыз деңгейінде болды. Осы жылы даму қарқыны сақталды. Қысқа мерзімінде экономикалық өсім 115,8 пайыз болды. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Жалпы 8 айда облыс экономикасына 783 млр теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 пайызға өсті. Қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. Тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада алғашқы бестіктеміз. Облыс экономикасының дамуына серпін беретін, құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасты.
Өзіндік кірістерді көбейту үшін өндірісті дамытып, экономикаға инвестиция тартуымыз қажет. Негізгі басымдық ретінде өңдеу, ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу, энергетика және туризм салаларын айқындадық. Осы жобаларды іске асыру есебінен алдағы 10 жылда өзіндік кірістерді 1,1 трлн. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, республикалық бюджетке тәуелділік 80 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетеміз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
– Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір. Мұнда 2 миллионнан аса адам тұрады. Халықтың 80 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Ауылдағы халықтың күнкөрісі – ауыл шаруашылығына байланысты екені айтпаса да түсінікті. Түркістан елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Соңғы жылдары қолға алынған мақта-тоқыма кластерін дамыту қаншалықты іске асуда?
– Біз арнайы сарапшылармен талдау жасадық. Мақтаны дәстүрлі әдіспен игеру арқылы гектарынан 25 центнер жинауға болады. Яғни, өнімділік төмен. Оның үстіне суды көп тұтынады. Осыған орай, біз жаңа әдіспен заманауи технологияны қолдана отырып мақта-тоқыма кластерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Жалпы құны 201 млрд теңге болатын 5 жоба іске асырылып отыр. Қуаттылығы жылына – 229,5 мың тонна. 7000 жаңа жұмыс орны ашылады. Қытайлық «Lihua» компаниясымен бірлесіп, Түркістан қаласында мақта өңдеу кешенінің құрылысы жүргізілді. Жоба құны 146,8 млрд теңге. Қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 млн метр мата, 7 млн дана жиынтық төсек бұйымдарын шығарады. 4 000 жұмыс орны құрылады.
Жоба мақта өңдеуден дайын бұйым шығаратын толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді. Өткен жылы қанатқақты жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектарға жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, өнімділігі гектарынан 60 центнерден жиналды. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясын қолдану есебінен 2 есе ағын су үнемделді, – деді облыс әкімі.
Әрине, соңғы бірнеше жылда адам танымастай өзгеріп, күн санап құлпырып келе жатқан Түркістан қаласына тоқталмай кету мүмкін емес. Бүгінде Түркістан қаласы Мемлекет басшысының жүйелі қолдауының арқасында түбегейлі жаңарып, жаңа дәуірге қадам басты. Қаланың инфрақұрылымы мен сәулеті жаңарып, туристік әлеуеті артты, мәдени және экономикалық тұрғыдан серпінді даму жолына түсті. Қалада сәулет пен тарих үндескен бірегей дизайн-код бекітіліп, тарихи нысандардың сақталуы мен кесене айналасында құрылысқа шектеулер қою бойынша нақты регламент қабылданды.
– Бұл іс-шаралар – Түркістанның тарихи бейнесін сақтау мен заманауи дамуын үйлестіруге бағытталған. Түркістанның брендингі мен танымалдығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып отыр. Шетелдік туристермен және бауырлас қалалармен өзара ынтымақтастық нығайып келеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласы әлемнің 7 қаласымен бауырластық қатынас орнатты. Олардың қатарында Әзербайжанның Шуша қаласы, Түркияның Ыстанбұл, Үскүдар, Зейтинбурну аудандары, Тәжікстанның Худжанд қаласы, Қытайдың Юэцин қаласы және Пәкістанның Лахор қаласы бар. Сонымен қатар достық қарым-қатынас туралы 5 қала – Өзбекстанның Самарқанд қаласы және Қытайдың Чжэнчжоу, Ляочин, Линьань, Вэйнань қалаларымен меморандумдарға қол қойылды, – деді облыс басшысы.
Бұл байланыстар тек мәдени салада ғана емес, сонымен қатар білім, бизнес, туризм және инновациялық технологиялар бағытында да өз жемісін беріп отыр. Ал осы жылы Түркістанға келетін шетелдік туристер саны 12,3 мың адамға жетпек.