Әкім Әйтеновке «Саясат-ақпарат» пен «Дабыл» неге жақпай қалды?
Әкім Әйтеновке «Саясат-ақпарат» пен «Дабыл» неге жақпай қалды?
10.11.2020 12:50
992
0

  «Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесінде» Шымкенттегі БАҚ құралдары бас қосып жатқанын әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалды.

  Шымкент қаласында 10 жылдан астам жұмыс жасап келе жатқан «Саясат-ақпарат» республикалық қоғамдық саяси газетіміз бұл жиынға неге қосылмай отыр?

  Шымкент қаласының әкімі М. Әйтеновке шындықты шыжғырып, бетке айтатын болған соң ба? Сын түзелмей, мін түзелмейді демей ме дана қазақ. Бірнеше сынды көтере алмай, шындық айтқандарды БАҚ тізімінен сызып тастап, осындай жиындардан шеттете берсеңіз не болмақ, әкім мырза?

  Жанар Бектаева сіздің тапсырмаңызды орындап, бізді шақырмай отыр ма? Ішкі саясаттың бастығының өзі ішкі саясатқа осы алалаумен сызат түсіріп отырған жоқ па?

  Ақпарат құралдарының ватсапп «чатына» бұрынғы баспасөз хатшыңыз Арай Есенбек қосқан болатын. Сол жерден де күні кеше сіздің тапсырмаңызбен шығарылдық па? Бұл тізімнен бізді алдыртып тастауыңызға тағы не себеп болды? Біз көтеріп жүрген шындықтар шымбайыңызға батып, өңменіңізден өтіп жатыр ма?

  Турасын айтып, туғаныма жақпадым деген осы шығар.

  Шымкент қаласының Ішкі саясатын тізгіндеп отырған Жанар Бектаеваға неге жақпай қалдық? Біз айтсақ, тек ақиқатты айтып жүрміз. Еліміздегі жаңа Мегаполистегі көрмегір көзіміз көріп, естімегір құлағымыз естіген дәлел-фактілерге ғана сүйеніп жазамыз. Осыған бола, БАҚ құралдарының жиындарынан шеттетін болсаңыздар, өздеріңіз білерсіздер! Біздің газет әкімнің емес, халық көзі мен құлағы болуға жарайды.

  Кеше ғана тұсауы кесіліп, аяққа тұрып келе жатқан «Дабыл» ақпараттық-ұлттық порталы Шымкентте ашылғанына қуанып, «Құтты болсын!» айтудың орнына мына тірліктеріңіз дұрыс болмады, құрметті, Мұрат Әйтенов мырза!

 

  Бұл базынамызды бізге орын жетпей жатқаннан айтып отырған жоқпыз. Халық барда біз бармыз. Әкімдердің тізімде болғаннан немесе болмағаннан біздің еш жеріміз қисайып қалмайды...Бірақ БАҚ-ты алалап шақырғанды қоймасаңыз, әкім - халыққа жақын ретінде алысқа бармайды екенсіз...

Есі бар адамға екі ауыз сөз де жетеді деп, сөзімізді осы жерден бір түйіп тоқтайық.

«Саясатсыз», «Дабылсыз» өткен жиындарыңыз жақсы өтсін!

 

Құрметпен, Назипа Дарханбайқызы


0 пікір