Алаш қозғалысы және ұлттық тәуелсіздік идеясы
Алаш қозғалысы және ұлттық тәуелсіздік идеясы
14.12.2020 10:54
1259
0

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер 2021 жылды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы деп атап, осы жылдары өткен жолымызды терең түсініп, ұтымды ұғынуды ұсынды. Тәуелсіздік Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басты мұраты болатын. Осымен байланысты назарларыңызға саяси ғылым докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкірдің мақаласын ұсынып отырмыз.

  Ежелден Ұлы даланы ­мекен еткен, еркін өмір сүру үшін көр­шілерімен бірде шабысып, бірде табысып келген қазақ елі патшалық Ресейдің отарына толық көшті де, тәуелсіздігінен біржола айырылды. Өктем езгіге төзбей, халқының азаттығы үшін күресте Сырым Датұлы, Исатай мен ­Махамбет, Кенесары, Жанқожа, Есет және басқа да сансыз батырлар жанын қиды.

  Отарлық жағдайды Алаштың алдыңғы толқын ардақтылары да жақсы білді. Әйтпесе, туған халқын берісі Ресейдің, ­арысы Еуропаның озат мәдениетіне үндеген ағартушы Шоқан Уәлиханов «Сот реформасы жайындағы жазбасында»: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі корғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» деп жазбас еді. Осы бір-ақ сөйлем, шындығына келгенде, тәуелсіздіктің ­тамаша формуласы болатын. Алайда бұған қазақ қоғамы да дайын емес еді. Кәсіби педагог саяси сергек Ыбырай Алтынсарин 1880 жылы инспектор В.В.Катеринскийге жазған хатында «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы мақала жазғанын айта келіп: «Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар, келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың» деді. Өз заманының озық ойлы тұлғасының күдігі қаншалықты негізді болғанын тәуелсіздік алғанда айқын байқап отырмыз.

  Ұлы Абай «Жиырма бесінші сөзінде» орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста деді. Алайда орыстың тілін, оқуын, ғылымын білгенде оның «зарарынан қашық болуды» да естен шығармауды ескертті, ойсыз бас шұлғи беруден сақтандырды.

  Алайда отарлық қанауға қарсы күресте азаттыққа жетудің амалдары мен тәсілдері, түпкі мақсаты айқындалған жоқ. Мұны 1905-1907 жылдарғы революциядан бастау алатын Алаш қозғалысы ғана айқындап берді. Бұл қозғалыстың басты артықшылығы, жер және билік мәселесімен қатар ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды ­заман талабына сәйкес етіп бейімдеуді көздеуінде және өзінің күрес ­жолында саяси демократиялық партия мен ұлттық «Алашорда» үкіметін құруға шейін көтерілгенінде болды.

  Адамзат баласының қолы жеткен әлемдік тарих және әлеуметтік саяси ой-тұжырымдардан жақсы хабардар, ­рухани қуат-қарымы мен өріс өрелері биік Алаш жетекшілерінің басты мақсаты мен түпкілікті мұраты ұлттық мүддені қорғайтын, қазақ елін Еуропаның өркениетті елдері қатарына алып шығатын «іргесі бөлек» тәуелсіз, «жұрт билейтін» демократиялық сипаттағы ұлттық мемлекет құру еді. Алаш партиясының бағдарламасына салынған бұл идеялар «Алашорда» үкіметі мен Түркістан Мұқтариятының саяси құқықтық тәжірибесінде жүзеге асатын еді, әттең олардың бірі екі жарым жыл, екіншісі алпыс төрт күн ғана өмір сүрді. Екеуін де большевиктер күшпен таратты. Алдағы мақсатты ұжымдық күйде айқындап алмай, күрес нәтиже бермейтінін айқын аңғарған Алаш жетекшілерінің кең көлемдегі ұйымдасқан күресті партия құрудан бастады. Мұндай «Алаш» ұранды партия Бірінші бүкілқазақ құрылтайында құрылды. Шынында да, қазақтың арғы-бергі төл тарихында терең із қалдырған «Алаш» сияқты саяси партия болған емес. Оның саяси сахнаға шығуы, бір жағынан, патшалық Ресейдің Қазақстанды ­отарлау саясатының терең дағдарысын көрсетсе, екінші жағынан, қазақ қоғамын жаңа саяси-экономикалық және рухани негізде қайта құру қажетін алға қойды. Партия бағдарламасының авторлары дүниежүзінің өркениетті елдерінің тәжірибелерін пайдалана отырып, қазақ халқын дербес даму мен прогресс жолына бастайтын мемлекеттік-құқықтық идеяларды ұсынды. Кейінгі тарих «Алаш» партиясы бағдарламасының қазақ халқы үшін большевиктер бағдарламасынан анағұрлым артық екенін дәлелдеді.

  Алаш партиясының жетекшісі, өз кезіндегі саяси мәдениеті жоғары елдерде саяси партиялар аз болатынын жақсы білген Әлихан Бөкейхан ­«Ыстамбул һәм қылилар» деген мақаласында Англиядағы қоспартиялықты, саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талдау, өздерінің бағыт-бағдарларын айқындау негізінде билікке келіп отыратын консерваторлар мен лейбористер партияларын үлгі етті.

  Саяси партия кешегі кеңестік кезеңде де болған-ды. Алайда «кеңес қоғамының басшы және бағыт беруші күші, саяси жүйенің мемлекеттік және қоғамдық ұйым­дарының ұйытқысы» саналған ол бүкіл билікті өз қолына шоғырландырып, қоғамды жеке-дара биледі. Ал жеке билеу­дің түбі – құлдырау. Оған кәрі тарих куә.

  Қоғамның демократиялық барометрле­рінің тиімді түрлерінің бірі – сайлау жүйесі екені мәлім. Сол себепті демократиялық ұстанымы туасы берік болған Әлихан Бөкейхан патшалық Ресейдің отаршылдық жағдайындағы сайлау үдерісін сынай отырып, оны Еуропаның озық сайлау жүйесімен салыстырды, әділдік болмаған жұртта береке, бірлік болмайды деді. Міне, содан бері арада жүз жыл өтсе де, бұл идеялардың мәні жойылған жоқ. Өкінішке қарай, халықты демократиялық үрдіске үйрететін, өзінің бірден-бір азаматтық еркін білдіретін қазіргі сайлау жүйесін жетілдіре түсуде қажетті батыл қадамдар жасалмай отыр. Бұл туралы аз айтылып жүрген жоқ.

  Алаш жетекшілері кезінде өздері құрған «Алашорда» және Түркістан Мұқтариятының уақытша үкіметтері туралы шешімді арысы Бүкіл Ресейлік, берісі Түркістан құрылтай жиналысына қалдырып, қағидатты мәселелерді осы құрылым, яғни бүкіл халық өкілдерінің қатысуы арқылы шешуді жоспарлаған еді. Бұл халықтың мұрат мүддесі басты нысаны болған мемлекеттік билікті тікелей халықпен ақылдаса отырып, шешу мақ­сатынан туған болатын. Ғасырлар сынынан өткен тамаша тәжірибе қайда қалды?

  Алаш басшылары алға қойған мақсатқа жетуде, ұлт мүддесін қорғауда, халықтың әлеуметтік санасын көтеруде, оның күш-жігерін біріктіруде бұқаралық ақпарат құралына «төртінші билікке» ерекше көңіл бөлген болатын. Сонау өткен ғасыр ­басында қазақ қоғамы үшін аса бір ­жауапты кезеңде халқымыздың рухани айнасы да, саяси ұстанымы да, ұйқы ашар ақпараты да бола білген «Қазақ» газеті Алаш қозғалысының шын мәніндегі ақпараттық айбынды мінбері бола алған еді. Қай уақытта да сын және өзара сын қоғамда елеулі әлеуметтік күш болып саналады. Адамзат философиясы осылай түсіндіреді. Тіпті кешегі тоталитарлық кеңестік кезеңде де мерзімді басылымдарда қоғамда орын алған кемшіліктер мен жетпей жатқан жерлер түрлі жанрлардың тақырыбы болып еді. Жұртшылықтың жоқты – жоқ, барды – бар деп қоғамымыздағы шынайы болып жатқан тірліктерді жазып жатқан газеттерге ұмтылысы жайдан-жай емес. Ал қоғам қарама қайшылықтардың күресінсіз дами да, өсе де алмайтыны бесенеден белгілі.

  Алаш жетекшілері болашақ тәуелсіз қоғамның ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерін биік деңгейде шешудің де бірден-бір жолын өнер-білімнен іздегені белгілі. Олар халықты түсінікті тілмен ғасырлық ұйқыдан оянуға, білімге, еңбекке шақырды. Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынұлының бұл бағыттағы әлеуметтік ойларының шыңы мына тұжырымда айқын көрініс тапты: «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Бұл – тәуелсіз елдің азаматының өмірлік тамаша формуласы.

  Өз халқын шексіз сүйіп, айрықша адалдық танытқан Алаштың арыстары ру, ұлыстарға бөлініп, халықтың ішіне іріткі салатын рушылдық психологиядан өздерін әркез алшақ ұстады. Олар ұлтты құтқару күресінде, ұлттық құрылыста жік тудыратындарды ұлтшылдық ­идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептеді. М.Шоқай 1937 жылы «Ұлттық еркіндік және азаттық жолы» деген мақаласында: «Орыс империализміне қарсы күрес майданындағылардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық. Тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады… Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық… Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халық қана тәуелсіздігіне қол жеткізе ­алады. Және оны қорғап қала алады» ­деген болатын. Бұл өсиеттің құны бүгінгі көп этносты Қазақстан жағдайында айрықша маңызға ие болып отыр. Шынын айтсақ, қабілет-қарымдарына қарамай, жерлестері мен жақындарын сүйрелеу, туыстарын тарту бүгін күшейе түспесе жоғалатын түрі жоқ. Бұл тұрғыда қазіргі өркениетті елдер өнегесі де үлгі бола ­алмай тұр.

  Алаш ұлт-азаттық қозғалысының Тәуелсіздік үшін күресі ең бірінші «ұлттық рухымыздың негізі – ұлттық тілдің» (М.Шоқай) бостандығынан басталған еді. Өйткені патшалық Ресей тарихы ғасырларға кететін, өзінің әдет-ғұрпы, салт-санасы жөнінен ешкімнен кем емес қазақты «бұратана» санап, оның тілін, ділі мен дінін жою үшін барын салды. Ана тіліміздің айдарынан кеңестік кезеңде де жел есе қойған жоқ. Сондықтан да егемендіктің елең-алаңында еліміздің шынайы ұлтшыл азаматтары ең бірінші тіліміз үшін күресті, 1989 жылғы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінде оның мемлекеттік мәртебесі туралы сөз тасқа басылды. 1995 жылғы Ата Заңда да солай жазылды. 1997 жылғы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң қабылданды. Алайда қайта құрудан басталған тіл үшін күрес, ұлттық рух егемендікке жету мен тәуелсіздік алудан әрі аса алмады. Ең өкініштісі – патшалық Ресейдің отарлық, кеңес өкіметінің тоталитарлық саясаты кезінде мемлекетіміздің де, ұлтымыздың да толыққанды қалыптаса алмағандығынан сан жылдар тілдік кеңістікте қордаланған қиындықтар мен қайшылықтарды жою бағытында саяси-құқықтық қадам көп жасалмады.

  Ұлттық ойлау жүйесін дұрыс қалып­тастырып, тілдің тұғыры болып саналатын ұлттық тілді жетік білгенде ғана адам баласы басқа тілдердің құнын толық түсіне алады. Мыңға тарта еңбегі он тілде жарық көрген, шетелде жүргеніне он бес жылдан асқанда, яғни 1936 жылы Түркістан жастарының алдында Мұстафа Шоқайдың радиодан сөйлеген сөзінің құдіретті күшіне таңғалмау мүмкін емес. Ол – ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған жеріне, туған халқына деген махаббат жалыны болатын.

  Алаш партиясы жобасындағы мәсе­ленің бірі – дін ісі еді. Тәуелсіздік жылдары халқымыз өзінің рухани дүниесі ­саналатын дәстүрлі дінімен қайта қауышты. Мешіт көбейіп, діни оқу орындары имандылық пен ізгіліктің рухын ­себуде. Дегенмен, ашық қоғам құрамыз деп, кейде осы ұғымның төркініне жете мән бермеуден қоғамымыз көп дінділікке бой алдырды. Бүгін республикада 18 конфессияны қамтитын 962 діни бірлестік бар екен. Тіпті дәстүрлі ­ислам дінінің өзі түрлі ағымдарға бөлінген. Қазір еліміздегі басқа діни ілімді таратып жүрген ресми түрдегі 428 миссионердің жүзге жуығы осында туып-өскен қандастарымыз, өзге этнос өкілдері.

  2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер ­туралы» Заңның «Мемлекет және дін» деп аталатын 3-бабында «Мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлінген» деген норма қабылдап үлкен қателік жібердік. Дін – қоғамдық сананың бір түрі, ол – адамның нанымы мен сенімі, көзқарасы, әдет ғұрпы, керек десең іс әрекеті де. Осындай жағдайда діннің иесі адамды қалай мемлекеттен бөлеміз? Әлде мемлекетті құрайтын адамдар емес, өзгелер ме? Айта кететін бір мәселе – халық арасындағы қазіргі кезде дін таратушылар, негізінен, ­медресе бітіргендер, ал халықтың ­басым көпшілігі жоғары білімді жандар. Меніңше, еліміздегі жалғыз діни жоғары оқу орны қазіргі жұртшылықтың діни сұранысын қанағаттандыра алмайды. Елді бұзатындар негізінен діни шала ­сауаттылар екенін ұғынған артық болмас еді.

  175 жылдығы кең көлемде, әлемдік деңгейде аталып жатқан хакім Абайдың әлемдік дәрежедегі рухани шыңға көтерілуі оның өз халқының сан ғасырлық ұлттық құндылықтарын терең игеруінің, Батыс пен Шығыстың озық мәдениетін бойына сіңіре, үйлестіре білгендігінің арқасында екені белгілі. Әсілі, қазақ Батыспен ғана ұзаққа бармаса керек. ­Демократия тек Батыстан тарады, батыстық экономикадағы нарықтық қатынас бәрін шешеді деп ойлау біржақты көзқарас. Тарихы шексіз, мұраға бай, имандылық пен адалдықты мұрат еткен, қазір қайта оянған Шығыспен де санасу қажет.

  Елімізге Тәуелсіздікпен қатар Батыс­тың нарығы да бірге есік қақты. Еңбекке, еңбек ете білуге деген көзқарас жаңарды. Алайда қандай қоғамдық құбылыстың да оң және теріс жағы болатынындай, нарықтың да қайшы жақтары жететін еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Біз Батыстық буржуазиялық жолды таңдаймыз, бірақ оны өзіміздің тарихи һәм ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдаймыз» деген болатын. Біз бұл қайшылықты құбылыстарға ұлтымыздың имандылығын, шығыстық қанағатшылдығын, адами адалдығын қарсы қоя алмадық. Содан елімізде жемқорлық артты. Ең өкініштісі – иман­дылықты ұмытқандар, адалдықты аяққа басқандар ішінде қаржыға қолы жақын мемлекеттік қызметкерлердің болғаны. Кешегі партия кеңес қызметкерлерін Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты ұлыла­рымыздың қатарына көтеріп, мектеп, мәдени мекемелерге беруді дәстүрге айналдырдық. Қоға­мымызға нарықтық қатынастың енгенінен емес, оның шынайы дами алмауы­нан көп қиыншылыққа ұшырап отырмыз-ау.

  Алаш арыстары тәуелсіздік үшін күресте азат сана, саяси сергектік пен ұлттық рухты жеткілікті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлген болатын. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген сөзін айта кетсек артық болмас. Сондай ақ «Тәуелсіздік» ұғымы өз ұлтын шексіз сүюдің үлгісі ретінде пайдаланылған «ұлтшыл» ұғымымен туыстас, тағдырлас. Мұстафа Шоқай ұлтшылдық идеясына түсініктеме бере отырып: «Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деген еді. Сол себепті бүгінгі тәуелсіздік жағдайда «ұлтшылдық» ­деген ұғымды шынайы түсінуіміз ­керек. «Ұлтшылдық» ұлтжандылықтан әлдеқайда терең мағыналы, ұлтын ­шынайы сүюді айқындайтын қасиетті ұғым екенін ұғынатын кез келген сияқты.

  Алаш қозғалысының тәуелсіздік тағылымдарын түгел қамтып шығу мүмкін емес. Мұны әлі де терең аша түсу, кең көлемде насихаттау, терең мағыналы, жүйелі жұмыс қажет. Сонда ғана ата-бабаларымыз сан ғасыр күрескен Тәуелсіздікті саяси, экономикалық және рухани жағынан тұғырлы ете аламыз. Алайда әлі де Алаш мұрасына деген көзқарас әлі кенжелеу келеді. Алаш қозғалысының шын мәнісіндегі көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын атап өту туралы ­ЮНЕСКО қаулы қабылдағанда Үкіметіміз қаржы жоғын сылтау етіп, бұл маңызды да мәнді оқиғаға тиісті мән бермегені өкінішті. Тәуелсіз еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтанның аса бір көрнекті жеріне Алаш алаңын орналастырып, оның жетекшілерінің бюстері мен қанатты сөздерін жазып қойсақ, жастар көріп, өнеге алатын қасиетті жерге айналдырсақ бүгінгі мемлекетімізді саяси жаңаруға, ­рухани жаңғыруға жетелейтін игілікті жұмыс болар еді.

  Тәуелсіздігімізге отыз жыл толады. Көп бастама жүзеге асты. Жеңістерімізді бізден ешкім тартып ала алмас. Алда асқақ асулар, шығар шыңдар тұр. Қол жеткен ­табыстарымызды баянды етіп, кейінгі ­кезде қоғамымызда белең ала бастаған саяси сана мен әлеуметтік әлеуетті тиянақты қалыптастыра, жетілдіре, қазіргі тәуелсіз заман талаптары мен адамзат қоғамы жеткен жетістіктермен байыта отырып, мемлекетіміздің саяси құқықтық қаң­қасын құрайтын Ата заңымызды Алаш жетекшілерінің тәуелсіздік туралы идеяларымен байыта түссек тек ұтар едік.

Дереккөз: «Ана тілі» ұлт газеті

 

Сұрақ, шағым, арыздар бойынша бізге хабарласыңыз: 
Сілтеме: Адалдық үшін бірге күресетін боламыз!  

  ҰҚСАС ТАҚЫРЫПТАР:

 

1. А.Перуашев: «Алаштан» артық ұлттық идея жоқ
2. «Ақ жол» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толуына орай «Алаштың Түркістан кезеңі» атты халықаралық онлайн конференция өтті
3. Қазақстанда маневрлік генерацияны құру жөніндегі жобалар қолға алынды
4. Арнайы жасақ сарбаздары Алматы облысындағы аз қамтылған отбасыларға көмектесті
5. Қазақ, Қырғыз мемлекет басшылары телефонмен сөйлесті

 

0 пікір