ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ ӘЛЕУЕТІ
ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ ӘЛЕУЕТІ
01.05.2024 10:55
29
0

      Үшінші мегополисте «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті. Комиссияның отырысы  «Еңбек күні» мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылды.

     Отырыстың күн тәртібі әлеуметтік әріптестік шеңберінде еңбек қатынастарын, оның ішінде кәсіподақ қызметін реттеудің бірқатар маңызды мәселелерін қамтыды. Атап айтқанда, кәсіподақ бірлестіктері мен кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған өңірлік келісімді бекіту, Шымкент қаласының аумағында еңбек қатынастары саласының және қауіпсіздігінің жағдайы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудағы озық тәжірибелермен таныстыру болды. Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов қаладағы жағдайды баяндап, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасындағы еңбекті қорғаудың жаңа идеологиясы: кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша жеке қорғаныс құралдарын таңдау, сақтандыру тарифтері, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттерді дамыту, мемлекеттік бақылау-кәсіптік тәукелдерді басқару туралы түсіндіріп өтті.

    Сондай-ақ, қаладағы бірнеше компания өкілдері “Қауіпсіз еңбек жылы” аясында, тұжырымдама бойынша атқарылатын жұмыс жоспарлары мен тәжірибелерімен бөлісті.  Ескерте кетейік, әлеуметтік әріптестік дегеніміз атқарушы билік органдары өкілдерінің, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдерінің мүдделерін келістіруді қамтамасыз етуге бағытталған қатынас­тар мен тетіктер жүйесі. Әлеуметтік әріптестік әріптестер арасындағы жасалатын өзара келісім арқылы жүзеге асырылады.

   Сонымен қатар, Шымкент қаласында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік, еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты өңірлік комиссия өткен жылы 6 отырыс өткізіп, кәсіподақтар бірлестігімен еңбек дауларын және жалақы бойынша борыштарды өндіру мәселелерін қараған. Нәтижесінде, қаланың 70 кәсіпорнында 1 150 қызметкерге 484,7 млн. теңге жалақы қарыздары төленген. Сондай-ақ, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін көздейтін мәселелер енгізілген.

0 пікір