Алматы облысында оқушылар төбелесіп, соңы "тәртіпсіздікке" ұласқаны хабарланды
Алматы облысында оқушылар төбелесіп, соңы "тәртіпсіздікке" ұласқаны хабарланды
28.10.2021 10:52
104
0

Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім елді мекенінде 27 қазанда оқушылар төбелесіп, соңы жанжалға ұласқан. Әлеуметтік желіде оқушылардың төбелесі мен "түнгі тәртіпсіздіктер" жөнінде видеолар тарады. Кейбір видеоларда үйлердің жанып жатқаны көрінеді. Полиция ауыл мен айналасындағы елді мекендерге күзет қойған.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жасөспірімдердің төбелесуіне 9 және 10 сынып оқушыларының сөзге келуі себеп болған. Төбелес кезінде 16 жастағы жасөспірім жарақат алған.

Полиция "Екі немесе одан да көп адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру" (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлігі) бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

"Жанжалға қатысушылар анықталды. Қазір зардап шеккен адамның жағдайы тұрақты, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді" делінген полиция хабарламасында.

Полицияның айтуынша, аудан әкімі, полиция қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары тұрғындар арасында "түсіндірме жұмыстарын" жүргізген. "Қазіргі кезде жағдай тұрақты әрі бақылауда" деді полиция өкілдері.

"Пенжім ауылындағы мектеп оқушыларының төбелесі" делінген әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда мектеп ауласында ондаған оқушының төбелесіп жатқаны көрінеді. Оларды мұғалімдерге ұқсайтын ересектер ажыратуға тырысқаны байқалады.

 

Артынша "түнгі тәртіпсіздіктер жөнінде" видеолар тарады. Онда ондаған адамның шерулетіп бара жатқаны көрінеді. Кадр сыртындағы адам "Пенжім. Ұйғыр-қазақ. Осында бәрі жүр" дейді. Видеолардың бірінде камераға түсіріп тұрған адам тұрғындардың "Гүзәл" дүкенін шағып жатқанын айтады. Тағы бір видеода бірнеше үйдің өртеніп жатқаны көрінеді.

Полиция әзірге түнгі оқиғаның жай-жапсары жөнінде ақпарат таратпады.


Дереккөз: Азаттық Радиосы 

0 пікір