Алматы полицейлерінің “Video-гид” жобасының кезекті санында интернет алаяқтарынан сақтану жолдары ұсынылды
Алматы полицейлерінің “Video-гид” жобасының кезекті санында интернет алаяқтарынан сақтану жолдары ұсынылды
20.02.2021 15:39
294
0

Алматы полицейлері интернеттегі алаяқтардан қалай сақтану керек екенін айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Журналист Жазира Бегалы Алматы полицейлерінің “Video-гид” жобасының кезекті санында интернеттегі алаяқтардан сақтану жолдарын ұсынады.

– Жаңа технологиялардың қарқынды дамуына, қызметтерді цифрландыруға және көптеген қызмет түрлеріне, сонымен қатар, электронды төлем құралдары мен криптовалюталардың пайда болуына байланысты, интернеттегі алаяқтықтың әдістері мен түрлері, сондай-ақ ақпараттық байланыс желілері арқылы ұрлық көбейіп кетті. Осыған байланысты Алматы полицейлері азаматтарға алаяқтардың белсенділігі туралы ескертеді және азаматтарды интернеттегі қызметтерді пайдалану және тауар сатып алу кезінде сақ болуға шақырады, – мәлімдеді Жазира Бегалы.

Интернет-алаяқтардан сақтану үшін келесі кеңестерге көңіл бөлгеніңіз абзал:

  • ешкімге өзіңіздің банктік картаңыз, сондай-ақ жеке басыңыз туралы ақпаратты (жеке куәліктің суреті, банктік картаның суреті, картаның артқы жағындағы 3 таңбалы CVV кодты) бермеңіз.
  • интернеттен сатып алынатын тауарларға алдын ала төлем ретінде ақша салмаңыз, тауарларды сатып алмас бұрын интернет-дүкеннің беделін мұқият тексеріңіз.
  • мобильді қосымшалар арқылы тауарларды, жылжымайтын мүлікті немесе көлікті сатқан кезде абай болыңыз, төлемді жеке алғаныңыз жөн немесе “бейнеқоңырау” арқылы сатып алушының сенімділігіне көз жеткізген абзал.
  • егер тауарларды, көліктерді сату, пәтерлерді жалдау туралы хабарландыруда алдымен алдын ала төлем салу керек екендігі көрсетілсе немесе сатушымен байланыс тек “WhatsApp” арқылы жүретін болса, сақ болыңыз “Qiwi”, “Yandex ақша” және т.с.с. электрондық төлем жүйелеріне ешқашан ақша салмаңыз.
  • сізге әр түрлі мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы жіберілуі мүмкін күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, себебі бұл қаскөйлерге сіздің ұялы банкингтегі қаражатыңызға қол жеткізуге мүмкіндік беретін вирустық файлдар мен қосымшалар болуы мүмкін.
  • өзіңіздің банктік картаңыздың мәліметтерін әртүрлі сайттарға енгізбеңіз, өйткені бұл сіздің жеке мәліметтеріңізді жинау үшін арнайы жасалған “фишингтік” сайттар болуы мүмкін, олар кейінірек сіздің банктік картаңызды рұқсат етілмеген төлемдер жасау үшін қолданылады.
  • интернеттегі күмәнді байқауларға қатыспаңыз, онда олар сіздің ақшаңызды көбейтуге уәде береді немесе сізге үлкен ақшалай сыйлық туралы хабарлайды.
  • күмәнді жобаларға ақша салмаңыз, олар криптовалютаға, акцияларға, бағалы металдарға және т.б. инвестициялау арқылы үлкен дивиденттер уәде етеді, компанияның сенімділігіне көз жеткізіңіз, интернеттегі шолулар мен пікірлерді оқыңыз, алаяқтар басқа елдердің абоненттік нөмірлерінен қоңырау шалып, олардың фирмасына инвестиция салудың артықшылықтары туралы сенімді түрде айтуы мүмкін.
  • егер сізге банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалса, банк қызметкерлерінің ешқашан сіздің картаңыз туралы ақпарат сұрамайтынын, сондай-ақ, ұялы телефонға келетін кодтарды беруді қажет етпейтінін ұмытпаңыз. Сондай-ақ, алаяқтар мобильді қосымшаларды абоненттік нөмірді өзгерту үшін, банктің “Call орталығынан” қоңырау шалу үшін пайдаланады. Мұндай уақытта сізге телефон тұтқасын қойып, карточкада немесе банктің сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қоңырау шалу керек.

– Біздің кеңестеріміз сіздерге пайдалы болады деп үміттенеміз. Өзіңізге және мүлкіңізге мұқият болыңыздар! – деп түйіндеді журналист.

Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігі

0 пікір