АҚЫЛДЫ АЯЛДАМАЛАР ЖАНҒА САЯ БОЛМАЙ ТҰР
АҚЫЛДЫ АЯЛДАМАЛАР ЖАНҒА САЯ БОЛМАЙ ТҰР
13.07.2024 16:26
55
0

Желдеткіші бар аялдамалар жанға сая болмай тұр. Есесіне қаңғыбастардың ордасына айналып барады. Оларды қанша жерден қуғанымен, жалға алушылардың көзі тая бере, жайлы орынға қайта жайғасып алатын көрінеді. Көше кезгендермен күресіп шаршағандар ақырында дүңгіршектерін тастап кетуге мәжбүр екен. Қараусыз қалған орында кім болса – сол білгенін істеп жүр.

 Осыдан 3 жыл бұрын қалада ақылды аялдамалар салынған болатын. Жеке инвестордың есебінен жүзеге асқан жобада заман талабына сай жабдықталған дүңгіршек, жабық күту залы, желдеткіш, ақысыз  wi-fi, орындықтар мен жарық жүйесі қарастырылған. Орталық көшелерге орнатылған бұл аялдамаларда басында бәрі жақсы болған еді. Алайда,  автобус күткен жолаушының бүгінде бірі де мұнда жақындамайды.

9 нүктеге орнатылған ақылды аялдаманың бүгінде тең жарымының жағдайы мүшкіл. Жарығы сөніп, желдеткіші істен шыққан. Тіпті, кейбірінің ток көздері жұлынып, терезесі шағылған. Қас қарая бұл маңға жолаудың өзі қорқынышты. Топ-тобымен жиналған қаңғыбастар тұрақты мекені етіп алған.

Мегаполисте 1 000-нан аса қаңғыбастар мен қайыршылар бар. Бұл – ресми тіркелгені ғана. Ал қуыс-қуыс¬та, қалтарыста қалып кет¬¬кендер, полицияны көріп қашып кеткендерді қосқанда, бұдан бірнеше есе көбеюі де мүмкін.

«Қол жайғыштардың» қатарын негізінен жұмысқа жарамсыз кемтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, қараусыз қалған қарттар, көпбалалы жесір әйелдер, әйелінен ажырасқан немесе қызметі¬нен кетіп ой соқты болып кет¬кен ер-азаматтар құрайды екен. Сонымен қатар тұл жетімдердің біразы да кө¬ше¬де қайыршылықпен нан тауып жейді. Әсіресе, жұма намазы кезінде мешіттердің айналасында қайыршылардың қаптап кететіні де жасырын емес.

 

Қыста жылы болғандықтан мұндай аялдамаларды жағалайтын үйсіздер көп. Жолаушыларға қолайсыздық тудыратын азаматтармен күрес тоқтамай тұр. Осы себепті де аялдама күнделікті кешкі 22:00-ден соң таңғы 7:00-ге дейін жабық болады.  Қыс мезігілінде аялдамада температура 20 градустан жоғары болса, жаз мезгілінде желдеткіштен салқын ауа соғып тұрады. Бұл қала жұртын аптап ыстықтан қорғайды. Ақылды аялдамалардағы бейнекамералар ПД қарасты орталықтандырылған бейнебақылау жүйесіне қосылса, жағдай біршама түзелер еді, деген кәсіпкер былтырдан бері бірнеше рет арыз жазғанын айтады. Алайда, құзырлы органнан әлі күнге дейін мардымды жауап алмапты. Бұл мәселе реттелетін болса, жалға алушылармен де жағдайдың тұрақталатынын жеткізді.

 

 

0 пікір