АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ-ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ-ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
02.05.2024 11:39
22
0

      Қазақ халқының өткеніне мән берсек, кел келген ел басшылары да, қарапайым халық та үлкенді, оның ішінде ел мен жердің тыныштығына, береке-бірлігіне мол үлес қосқан ардагерлерге зор құрмет көрсеткен. Тереңде жатқан тарихының тамырына байланған тәуелсіз Қазақ елі бұл үрдісті санадан сөндірмегеніне бүгінгі күні куә болып жүрміз.  Қазақта «Қариялық – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» деген тәмсіл бар. Қай кезде де ел игілігі жолында бар қа­жыр-қайратын жұмсаған қазыналы қартқа құрмет көрсету күн тәртібінен түспеуі керек. Осыған дейінгі ғұмырында жас ұрпаққа өмірлік бағыт-бағдар берген асыл жандарды қадірлей білген абзал. Әрине, қарт адамдарға, әкелерге және аналарға құрмет көрсетілмейтін мемлекеттің құлдырауы жақын екені бекерден-бекер айтылмаса керек-ті. Бұл ретте, «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Шымкентте қариялар мен ардагерлер үйін тазалау, шөптерін орып, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіліп, құрмет көрсетілуде.

      Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы бастаған бір топ белсенділер, студент жастар, еріктілер ҰОС ардагері Нина Мосунованың шаңырағына бас сұқты. Жастар ауланы тазартып, ағаш түптерін қопсытты. Қоршауларды сырлады.

     Бүгінде Шымкентте екі-ақ соғыс ардагері қалған. Соның бірі – Нина Мосунова. Қария биыл 100-ге келіп отыр. Ол 1942 жылы әскерге өз еркімен аттанып, Можайск маңындағы соғыста қолына пулемет алып жауға қарсы шыққан. Соғыстан соң кассир, кітапханашы, хатшы-машинистка болған. Қазіргі таңда 2 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.

 – Бізге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің ерлігін бағалау – біздің парызымыз. Біз – ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз. Ендігі парызымыз көзі тірісінде осы кісілерге барынша қамқорлық жасап, көмегімізді аямау. Сізге Ұлы Жеңіс пен бүгінгі бейбіт күндеріміз үшін алғыс айтамыз, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

    Нина әжей қала орталығындағы алақандай үйде немересінің қамқорлығында тұрып жатыр. Жиналған жастарға ризашылығын айтып, жылап қалды. Отан үшін отқа түсіп, қан майданда жеткен жеңісі, бүгінгі бейбіт өмір үшін бас иіп, алғыс білдірді. «Енді соғыс деген зұлматты жастар көрмесін. Елімізде тек бейбітшілік болсын» деді қарт ана.

0 пікір