АРЫЗЫН АРҚАЛАП КЕЛГЕН АЗАМАТТАРҒА МАМАНДАР КЕҢЕС БЕРДІ
АРЫЗЫН АРҚАЛАП КЕЛГЕН АЗАМАТТАРҒА МАМАНДАР КЕҢЕС БЕРДІ
15.07.2024 14:51
95
0

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімдігінде кезекті рет азаматтарды бірыңғай қабылдау өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары тұрғындардың баспана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала және жер мәселелеріне қатысты арыз-шағымдарын қарастырды. Жауаптылар барлық өтініштер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кезекті қабылдауда 100-ден аса тұрғынның арыз-шағымы пысықталып, тиісті шешімдер қабылданды. Мұндай шаралар мәселелерді оңтайлы шешуге ғана емес, сонымен қатар халықтың ең күрделі проблемаларын анықтауға да мүмкіндік береді. Белгілі бір уақытты қажет ететін сұрақтар қала басшысының жеке бақылауына алынды. Ғабит Әбдімәжитұлы жауаптыларға азаматтармен кері байланысты күшейтіп, бірқатар тапсырмалар берді. Осы орайда, қала әкімінің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы әлеуметтік салаға қатысты өтініш айтып келген азаматтарды қабылдады. Тұрғындар әкім орынбасарына мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі мәселесін жеткізді.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Жанат Өтебаева қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың әлеуметтік бағыттағы шағым мен ұсыныстарын тыңдап, заң шеңберінде кеңес пен бағдар берді. Азаматтар негізінен қайтарымсыз грант пен мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа орналасу жөніндегі өтінішін жеткізді. Халықты жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдауда қайтарымсыз гранттың орны айрықша. Биыл 426 адамға қайтарымсыз қаржы беру жоспарланып, жуырда өткен алғашқы лектің комиссия отырысында 214 адамға грант мақұлданды. Қазіргі сәтте грант иегерлері қаржыны алып, өздері қорғаған бизнес-жобаны жүзеге асыруға кірісіп жатыр. Айта кетсек, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының тұрғындарды жеке қабылдауы әр аптаның сәрсенбі күні өтеді. Ол үшін алдын ала 77-11-03 телефон номеріне немесе Бәйтереков №89 мекен жайындағы 21 кабинетке келіп жазылу тиіс.

0 пікір