ӘСКЕР КАФЕДРА АШЫЛДЫ
ӘСКЕР КАФЕДРА АШЫЛДЫ
06.05.2024 13:03
16
0

       Шымкентте Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан Әскери кафедра ашылды. Әскери кафедраның негiзгi мiндеті – ҚР Қарулы Күштерiнiң әскери оқытылған резервiн даярлауда және толықтыруда стратегиялық мiндеттердi орындау.

     Мереке қарсаңында өткізілген салтанатты жиынға университет басшылары, оқытушы профессорлар, студенттер қатысты. Жиын барысында студенттер арнайы әскери оқу-жаттығу барысын көрсетіп, кафедраның материалдық базасымен таныстырды. Жаңа кафедра ҚР Қарулы Күштерінің әскери оқытылған резервін даярлауда және толықтыруда стратегиялық міндеттерді орындауға бағытталған. Бастапқыда 100 студентті қабылдаған кафедрада білім алушылар саны бүгінде 1000-ға жетіп отыр. Сондай-ақ, 27 оқытушы құрам, 9 инженерлік-техникалық құрам, 15 оқу-әдістемелік бөліммен қамтылған. Әскери кафедраның профессор-оқытушылар құрамы ҚР Қарулы Күштері құрамында тиісті лауазымды қызмет атқарған, әскери-педагогикалық тәжірибесі мол офицерлер болып табылады.

    Әскери кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы ҚР Қарулы Күштері құрамында кафедра дайындап жатқан әскери-есептік мамандықтарға сай әскер түрлерінде, тиісті лауазымдарда қызмет атқарған, әскери-педагогикалық тәжірибесі мол офицерлерден жасақталған.

    Әскери-есептік мамандықтарды даярлаудағы арнайы пәндер бойынша бөлмелер көрнекі құралдармен, қару-жарақ үлгілерімен, макеттермен және әдістемелік нұсқаулармен жабдықталған. Жауынгерлік оқу-жаттығу тактикаларын жүргізетін қалашықтар, тактикалық алаң, инженерлік қалашық, РХБ қорғау қалашығы, атыс даярлығы қалашықтары жасалған.

      Еліміздің бірқатар университеттерінде оқу орынының жанында әскери кафедра жұмыс істейді. Мұнда әскери міндетті бар студенттер арнайы дайындықтан өтіп, оқуды аяқтаған соң, бірден лейтенант шенін алады. Сәйкесінше, олар жауынгерлік міндеттемеден босатылады.Айта кетейік, оқытушылар құрамы әр үш жылда біліктілік курсынан өтіп тұрады.

0 пікір